Екібастұз қаласында апатқа байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі сақталып тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Төтенше жағдай режиміне сәйкес барлық жұмыс біткен соң тиісті шешім қабылданады», — деп қысқа қайырды Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин жедел штаб ұйымдастырған баспасөз мәслихатта.
Одан бөлек, шаһар басшысы қиын жағдайда қол ұшын созып жатқан барлық азаматқа алғысын айтты.
«Көмегін ұсынып жатқан қала және ел тұрғындарына мың мың алғыс. Өте көп қоңырау келіп түсуде. Жанашыр жандардың қолдауын сезіп жатырмыз. «AMANAT» партиясының өңірлік филиалы жанынан гуманитарлық штаб құрылды. Көмектің дені сонда келіп жатыр», — дейді ол.
Еске салсақ, 28 қарашада Екібастұз қаласында төтенше жағдай жарияланды.
«Азаматтық қорғау туралы заңның 48-бабына сәйкес Екібастұз қаласының аумағында жергілікті ауқымда техногендік сипаттағы төтенше жағдай енгізіледі», — деген хабар таратқан еді қала әкімдігі.
Бұған дейін Екібастұз әкімі тұрғындар шығынының қалай өтелетіндігіне қатысты түсінік берген еді.
Сондай-ақ, қаладағы 12 үйге жылудың ішінара қосылғаны айтылды.
Фото: Константин Шелков pavlodarnews.kz.