Балаларға қаржы сауатын үйрететін жастарды қолдайтын инвестициялық қор ашқым келеді – Марал Жаппасбай

Жаңа Қазақстан 12:28, 11.11.2024 7

Бала күнінде өзі математика мен физикаға жақын болған Марал Жаппасбай қаржы және несие мамандығын меңгерген. Бүгінде мектеп оқушыларының қаржы жағынан сауатты болуы маңызды деп есептейді. Себебі көпшілік қаржы сауатының әлсіздігінен несиеге батып отыр. Сондықтан ол балаларға қаржы сауатын үйрететін жастарды қолдағысы келеді, ол үшін инвестициялық қор құруды көздейді. Маралдың балалығы, білім жолы және арманы туралы тілшіміз әңгімелесті.

 

Марал Жаппасбай Қызылорданың тумасы. Алайда облыстың Шаған ауылында тұратын ата-әжесінің қолында өскен. Бала күнінен оқуда зерек, алғыр және белсенді. №37 орта мектепте 9-сыныпты қызыл аттестатпен бітіріп, 11-сыныпта Алтын белгіге үміткер болған. 

Мектепте белсенді болдым. Сыныптың старостасы болдым. Қандай конкурс болса қатысатынмын. Әдебиеттен жарыс болса да, математикадан жарыс болса да, волейболдан жарыс болса да баратынмын. Бәрінен математика, физика пәндерін жақсы көрген шығармын. Себебі есеп шығарғанды, анализ жасағанды ұнатамын. Қиын есептерді таңдап, соны шығарып болған соң рахаттанатынмын, – деп әңгімеледі мектеп кезін кейіпкеріміз.

Бакалаврын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде Қаржы және несие мамандығымен тәмамдаған. Тобы үш тілде оқытылған және жоғары оқу орнын да қызыл дипломға аяқтаған. 

Университетте де белсенді болдым. 16 ұйым болса, соның 14-іне мүше болып, студенттік өмірім өте белсенді өтті. Анам айтатын: «қызым депутат па, бірдеңе болатын шығар. Өмір қолы босамайды» деп. Таңертең құрбыммен жатақханадан шығып кеткеннен түнде келетінбіз. Бүкіл ұйымдағы жұмыстарымызға жауапкершілікпен қарайтынбыз. Жай ұйымға мүше болу емес, кәдімгідей ұйымдардың жұмысын қызу жүргізетінбіз. Түрлі шара ұйымдастырып, қызықты қылып өткізетінбіз. «Қызылорда аруы», «Қорқыт ата университеті ару» секілді байқауларды да ұйымдастырдық, – деп қосты ол.

Марал өзін қыздардың құқығын қорғайтын, солардың білім алуына, белсенді болуына, өмірден өз орнын табуына көмектескісі келетін, әйелдердің «жағын жақтайтын» феминист деп есептейді. Тек ол феминистікті фанатизммен шатастырмауды жөн көреді.

Бала кезден феминист болған екенмін. Енді біліп жатырмын. Ол кезде оның феминистік қозғалыс екенін білмеппін. Университетімізде «Қыз Жібек» деген клуб болатын. Құрбыларымызбен сол клубтың жұмысын жүргіздік. Қыздарға арналған белсенділіктерді ұйымдастыратынбыз. Бірақ мен өзімді феминизмнің фанатымын деп есептемеймін. Бәрі саналы түрде, артық фанатизм жоқ, – дейді ол.

Кейіпкеріміз студент кезінде Қызылордада екі банктен тәжірибеден өтіп, олар университеттен кейін жұмысқа шақырған. Бірақ Маралдың арманы ірі қалаларға Алматы не Астанаға кету болған.

Сөйтіп мен Алматыға кеттім. Алматыға келіп, резюмемді көп қылып қағазға шығарып алдым. Сөйтсем ешкім қағаздағы резюмені қарамайды екен. Сондай қызық болған. Бірнеше банкке өтінім жібердім. Соның ішінде бір беделді банкте жұмыс істегім келді. Олар бірден жастарды алып, бәрін өздері үйрететін және басқа банктен келгендерді алмауға тырысатын. Сол банкке кіруді көздедім. Олардың талабы жоғары, жұмысы қиын, көп болатын. Тест тапсырып, психологиялық кезеңнен де өттім. Сөйтіп екі күннен кейін жұмысқа шақырды, – деп жалғастырды әңгімесін Марал.

Дегенмен Маралдың арманы таусылған емес. Басында ірі қалаға жету болса, кейін елдегі ірі банктердің бірінің бас кеңсесінде жұмыс істеуді мақсат етеді. Сөйтіп оған да жетеді.

Сол өзім армандаған банкімде алдымен сату менеджері болдым, кейін басқа филиалға ауыстырды. Сөйтіп түрлі лауазымда жұмыс істеп көрдім. Бір күні алыс бір филиалға ауыстым. Адам көп, клиенттің сұрағы көп. Қиын кейстер кездесетін. Мен клиенттің мәселесі шешілмегенше тынышталмай, барлық клиентке жеке-жеке қызмет көрсетіп, барынша шешіп беруге тырысатынмын. Дегенмен арманым – сол банктің бас кеңсесіне жұмысқа тұру. Сөйтіп 2,5 жылдан соң ол арманыма да жеттім. Өзім армандаған банкімнің бас кеңсесіне жұмысқа тұрдым, – деді ол.

Маралдың мақсатына берік, еңбекқор, ештеңеден қорықпайтын қыз болып өсуінде ата-әжесі мен анасының еңбегі зор. Айтуынша, келбет жағынан да, мінез жағынан да анасына ұқсамайды. Бірақ есеп-қисапқа жақын болуы – нағашыларынан.

Анаммен бір-бірімізге мүлдем ұқсамаймыз. Анам сабырлы, ойланып, баппен шешім қабылдайды. Ал мен сабырсызбын, тез шешім шығарып, тәуекел ете саламын. Түріміз де ұқсамайды. Нағашы ата-әжемнің қолында өстім, сондықтан  болар қаржы жақындығым нағашыларымнан. Нағашы атамды «ауылдың бухгалтері, ауылдың кассирі» деп айтатын болған. Ешқашан есептен қателеспейтін болған. Атамның туған қарындасы да жас кезінде ауыл басқарған, мектеп басқарған көшбасшылық қасиеті болған. Менің мінезім соған ұқсаған деп жатады. Сондықтан түрім әкем жаққа ұқсағанмен, болмысым анам жаққа тартып кеткен, – деді ол. 

Маралдың айтуынша, анасы оны жалғыз өсірсе де, ешкімнен кем қылмай өсірген. Ата-әжесі де үнемі қолдаған. Батылдығы да анасынан. 

Анам ештеңеден қорықпайтын жақсы қасиеті бар. Батыл. Жұрттың сөзінен де, еңбектен қашпай, тірлік етуден қорықпайтын жан. Көп жағдайда толық емес отбасында өскен балалар жасқаншақ немесе ұялшақ болуы мүмкін. Бірақ мені анам «ешқашан ешкімнен қорықпа» деген ұранмен өсірді. Сол себепті мен батыл болдым. Мектеп кезінде де неше түрлі жағдай болды. Әділетсіздік болған кезде де өз ойымнан, позициямнан бас тартқан емеспін. Себебі анам дұрыс еместі ұят болады деген оймен дұрыс деп айтпауды, шындықты жасырмауды да үйретті. Ұят болады деп бар нәрсеге көз жұмып қарай салған жоқпын, – деп еске алды анасын кейіпкеріміз.

Бүгінде білікті қаржы маманы болған Маралдың әлі де арманы бар. Ол өзін қаржы жағынан тәуелсіз қылып, балалардың қаржы сауатын арттыруды мақсат етеді. Ол үшін балаларға білім беретін жастарды қолдағысы келеді.

Иә, бала – болашағымыз. Егер ұрпағымыз қаржылай тәуелсіз болсын десек, қаржы сауатын арттыруымыз керек. Ол үшін соны үйрететін жастарды көбейтуіміз қажет. Мен ондай жастардың көп екеніне сенемін. Тек оларға қолдау керек. Ал оларды қолдау үшін мен инвестициялық қор құрғым келеді. Сонда қор жастардың еңбегіне ақы төлеп, қолдайды, ал жастар балаларға білім береді. Қазіргі арманым да, мақсатым да – сол Maral Investments, – деп түйіндеді әңгімесін қаржыгер Марал Жаппасбай. 

 

Мақала авторы Рахила Бекназарқызы

 

Q - на русском

«
Қыркүйек 2025
»
  • Дс
  • Сс
  • Ср
  • Бс
  • Жм
  • Сб
  • Жс
  • 1
  • 2
  • 3
  • 4
  • 5
  • 6
  • 7
  • 8
  • 9
  • 10
  • 11
  • 12
  • 13
  • 14
  • 15
  • 16
  • 17
  • 18
  • 19
  • 20
  • 21
  • 22
  • 23
  • 24
  • 25
  • 26
  • 27
  • 28
  • 29
  • 30
  •