Қазақ пен өзбек одақ құрады. Осындай елең еткізерлік хабар тарады. Бұған «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарт» жобасының жариялануы себеп. Өз түсініктемесінде еліміздің сыртқы саясат ведомствосы шарт күшіне енсе, «екіжақты ынтымақтастық одақтастық қатынастар деңгейіне көтеріледі» деп күтілетінін мәлімдеді. Екі ел бұл бағытта былтырдан бері қадам жасап келеді. Өзбекстан Үкіметінің биік лауазымды өкілі осы үшін Қазақстанға он шақты рет сапарлаған. 28 жылға ұзаған өзбек тауарын қазақ нарығына еркін жіберу келіссөзі оң аяқталды. Алда бауырлас қос ел сырттан төнетін қатерден бірлесе қорғануы да мүмкін. Бұл туралы aikyn.kz сайтында материал жарияланды.
Орталық Азияның тыныштығын күзетеді
Бүгінде жаһанды жайлаған алапат геосаяси дауыл әлемдік тәртіптің өзгеруіне жол ашты. Бұл ретте Қазақстан мен Өзбекстанның қайта одақтасуына тарихи мүмкіндік беріліп отыр. Қос республика осы қадамға біраздан дайындалып жатқаны аңғарылады. Мұндағы ең маңызды белес – Қазақстан Президентінің 2021 жылғы 6 желтоқсандағы Ташкентке тарихи сапары болды. Оның қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің мемлекетаралық қатынастардың мәртебесін одақтастық деңгейіне көтеруге шешім қабылдауы стратегиялық маңыздағы уағдаластықтардың біріне айналды. Нәтижесінде, қос президент «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы декларацияға» қол қойды.
Қ.Тоқаев келіссөздердің жай-жапсарына тоқталып, өзбек әріптесімен бірге «мемлекетаралық қатынастардың мәртебесін одақтастық деңгейіне дейін көтеруге уағдаласқандарын» мәлім етті. Президент мұның «елдеріміз арасындағы мүлдем жаңа сапалы деңгей» екенін және «одақтастық қатынастар мемлекеттерімізге ерекше міндет жүктейтінін» атап өтті. Ал жаңа одақ практикалық пайдасы бар, қағаз жүзінде емес, іс жүзінде пәрменді ұйым болуы үшін Қ.Тоқаев өзбек көшбасшысына одақтың жоғарғы органы ретінде мемлекетаралық кеңесті құруды ұсынған. Шавкат Мирзиёев оны қуана қоштапты.
Ресми дерек бойынша, дәл осы Кеңес аясында президенттер «қажетсіз ресмиліктен тыс, іскерлік негізде жиі бас қоса алатын болады». Бірақ былтыр қазақстандық сарапшылар бұл бетбұрысқа салмақты мән бермеді. Өзбек және ресейлік саясаттанушылар мұның тек декларация екенін, республикаларды ешнәрсеге міндеттемейтінін алға тартты.
Енді бәрі өзгереді: Сыртқы істер министрлігі «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Одақтастық қатынастар туралы шартқа қол қою туралы» Президент Жарлығының жобасын әзірледі. Мұның сыртында осы аттас екіжақты шарт жобасы жаңа жылда Парламенттің ратификациялауына шығарылады, заң жүзінде бекітіледі. Яғни, құжаттағы келісімдер мен талаптарды екі ел халықаралық міндеттеме түрінде ресми қабылдайды.
Одақтың қуаты – бірлікте
Одақтастық қатынастар туралы шарттың қаншалықты орындылығына Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді түсініктеме берді.
«Шарт жобасының мақсаты – Қазақстан мен Өзбекстанның өзара іс-қимылын, ынтымақтастығын одақтастық қатынастар деңгейіне көтеріп, оны заңдық рәсімдеу болып отыр. Шарт Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы саяси, экономикалық, инвестициялық, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық салаларда екіжақты іс-қимылды кешенді дамытуға және өзара тиімді ықпалдастықты одан ары тереңдетуге ықпал ететін болады. Бұл келісім Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан қатысушысы болып есептелетін халықаралық ұйымдардың шешімдеріне қайшы келмейді», – деді Сыртқы істер министрі. Яғни, Еуразиялық одақтың тіршілігіне кереғар болмайды.
СІМ мәліметінше, әзірге Қазақстан мен Өзбекстан арасында 1998 жылғы 31 қазандағы Мәңгілік достық туралы шарт және 2013 жылғы 14 маусымдағы Стратегиялық әріптестік туралы шарт бар. Ал одақ туралы шарт бекітіліп, күшіне енсе, туыстас елдер арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңі бастау алады.
Сондай-ақ шарт жобасында бірлесе қорғанысқа баса назар аударылған. Ол туралы бірнеше рет қайталанады. Мысалы, Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен күш-жігердің қажеттілігіне назар аударылды. Қазақстан мен Өзбекстанның егемендігі мен қауіпсіздігіне төнген кез келген сын-тегеуріндер мен қатерлерге бірлесіп күш жұмсап, тізе қоса қарсы тұратыны көрсетілген. Бұдан бөлек, жаңа одақтастық қатынастар екі бауырлас халықтың өмірлік маңызды және ұзақмерзімді ұлттық мүдделеріне сай келетіні, Орталық Азияда бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші фактор ретінде қызмет ететіні айтылған. Одақтастық қатынастарды шарттық-құқықтық бекіту Қазақстан мен Өзбекстанның тәуелсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын және орнықты экономикалық дамуын одан ары нығайтуға жәрдемдесетіні нақтыланды.
Шарттың 2-бабына сәйкес, егер қос одақтастың бірі «үшінші мемлекеттер тарапынан қарулы шабуыл қаупі төнді» деп есептесе, онда тараптар бір-бірімен дереу тиісті кеңестер өткізеді және қауіпті жағдайды реттеуге ықпал ететін шаралар қабылдайды.
«Одақтастық туралы шарт жобасында екі елге қарсы ықтимал қарулы шабуылды бейбіт жолмен реттеу туралы ғана сөз болып отыр. Түркия – Әзербайжан бірлескен армиясының құрылғаны сияқты ортақ армия құру көзделмеген, жобада оның тетігі де қарастырылмаған. Бірақ білуімізше, егер Қазақстанға қауіп төне қалса, өзбек армиясының жедел көмекке келетіні туралы уағдаластық бар көрінеді. Ең бастысы, енді екі ел ұдайы бірлескен әскери жаттығулар өткізіп тұруы тиіс. Өзге органдардың, мысалы төтенше жағдай құрылымдарының бірлесе қимылдау тәжірибесі бар. Айтпақшы, өзбек құтқарушылары біздікіне қарағанда, әлдеқайда озық жарақтанған әрі олар батыстың үздік жабдықтарын пайдаланады», – деді әскери сарапшы, полковник Нұрахмет Баймұрат.
Қазақстан мен Өзбекстан бір-біріне қауіп төндіретін блоктарға немесе одақтарға қатыспау міндеттемесін қабылдап отыр. Егер қолданыстағы ұйымның бірінен сондай қатер болса, мемелекет одан шығуы шарт.
Одақ аясында көпқырлы ынтымақтастықты нығайту үшін жоғарғы орган – Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылады. Оны Қазақстан–Өзбекстан президенттері басқарады. Оның жиынында тараптардың ортақ мүдделеріне қатысты ең маңызды мәселелер қаралады, мемлекет басшылары одақтастық қатынастарды ары қарай дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындайды.
Жоғары мемлекетаралық кеңес – ұлтүстілік орган: ол «қол жеткізілген уағдаластықтардың жоғары деңгейде орындалуын бақылайтын мемлекетаралық орган болады». Оның отырыстарына президенттерден бөлек Парламент депутаттары және Үкімет басшылары қатысады. Кеңестің тұрақты немесе уақытша негіздегі жұмыс топтары болады. Кеңес шешімдері тек консенсус негізінде қабылданады.
Ал туыстас елдер сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік салаларында өзара тығыз іс-қимылдауы үшін екі мемлекеттің Қауіпсіздік хатшыларының кеңесі мен Сыртқы істер министрлерінің кеңесі құрылып, тұрақты кездесу өткізіп тұрады. Құжатта тараптар екі мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту мақсатында әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды нығайтатыны нықталған.
Екі мемлекеттің парламенттері, саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары арасындағы байланыстар өрістейді.
Есепті дос айырылмас
Одақтастар экономика, бизнес, сауда-саттық мәселесіне айрықша мән-маңыз бермек. 2022 жыл басынан бері қазақ-өзбек тауар айналымы былтырғыдан 27 пайызға өсіп, 2,6 млрд долларға жетті. Оны он миллиардқа жеткізу жоспарланған. Дегенмен екі ел арасында алыс-беріске қатысты кедергілер бар. Алда оның бәрі болмағанымен, көбі жойылуы тиіс. Бұған қос мемлекет те қызу әзірленуде. Биылғы 28 қазанда Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Арипов Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи Жол картасына қол қойды. Құжат салықтық реттеу, жүк транзиті, білім беру, энергетика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда іс-шараларды көздейді.
Одақ аясында қос мемлекеттің өзара тауар айналымын арттыру, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, транзит, логистика салаларында өзара тиімді әріптестікті дамытуға Екіжақты ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия және Өңіраралық ынтымақтастық форумдары қызмет ететін болады. Бұдан бөлек, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі қос Президенттің арнаулы өкілдерінің институты дүниеге келеді.
Қазақстан мен Өзбекстан көптеген салада бірін-бірі толықтыра алады. Нақтыласақ, екі елдің өнеркәсіп, көлік және логистика, энергетика, фармацевтика, құрылыс сияқты салалары өзара кооперацияланады, экономиканың әртүрлі секторында бірлескен кәсіпорындардың құрылуына жағдайлар жасалады.
Қазақстан мен Өзбекстан мұнай мен газды өңдеу және экспорттау бағытында бірлескен жобаларды іске асыруға, жаңа құбыр желілерін тартуға уағдаласты. Бұл жөнінде хабардар болса керек, күні кеше Ресей үшжақты газ одағын құру идеясын ұсынды. Бірақ бұған Қазақстан бірден келісе кеткен жоқ. «Оны талқылауға әлі ерте. Мемлекеттік шешім қабылданбай тұрып, идеялар мамандардың мұқият зерттеуінен өтуі тиіс. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, бұл идеяны сарапшылар зерделейді және шешім қабылдамас бұрын өзі де зерттейтін болады», – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, қазір Үкімет өзге елдермен бірге Өзбекстан арқылы да мұнай тасымалын әртараптандырудың Жол картасын іске асырып, мұнай экспортының әлеуетін арттыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көрші әріптестер тарапынан толық түсіністік, қолдау бар: олар төл транзиттік инфрақұрылымын ұсынуға, осы мәселелер бойынша Қазақстанмен ынтымақтасуға дайын. Мұны таяуда Премьер де тілге тиек еткен еді.
«Біз өзара тиімді ынтымақтастықтың барлық бағытында қарым-қатынастарды тереңдетуге дайынбыз», – деді Әлихан Смайылов.
Одақтастық аясында трансшекаралық су ресурстарын ұтымды және өзара тиімді пайданалуға, көші-қонды реттеуге, азаматтардың елдер арасында еркін жүріп-тұруына жағдай жасауға, Арал мен Арал маңы аудандарының экологиялық жүйесін қалпына келтіруге және басқа да көкейкесті мәселелерге жеке орын бөлінген. Екі ел халықаралық терроризммен, діни экстремизммен, сепаратизммен, заңсыз көші-қонмен, қару-жарақ, есірткі саудасымен күресте өз күштерін біріктіреді және үйлестіреді.
Мұның бәрін заңдастыру үшін екіжақты жекелеген шарттар жасалады.
Жалпы, екі елдің қарым-қатынастарын тарихи, жаңа деңгейге көтеру үшін биыл екі елдің үкіметтік делегациялары бір-біріне қатынаумен болды. Өзбекстан Үкіметі басшысының орынбасары – инвестициялар және сыртқы сауда министрі Жәмшид Ходжаев Қазақстанға жиі сапарлаған. Оның аясында тараптар көптеген уағдаластыққа келді. Тарата айтсақ, инфляцияны төмендету үшін еліміздегі жеміс-көкөніс өнімдерін алдын ала, форвардтық сатып алу тетігі өзбек диқандарына да таралуы мүмкін. Қазақстанда құрастырылған автомобильдердің экспортына өзбек нарығы ашылады. Өзбек тарапы Ауғанстанға бағытталған қазақстандық ұн транзитіне қойылған салықтық, басқа тосқауылдарды жояды. Елдер арасында жаңа әуерейстері ашылады.
Жаңа жылда «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру жобасы басталады. Оның басқарушы компаниясы қазақстандық инвестор болмақ. Бұл халықаралық орталық – алдағы 5 жылда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізудің практикалық іс-қимыл жоспарының (Жол картасының) негізгі элементтерінің бірі. Жоба ұзақмерзімді: 3 негізгі кезеңді және 20 нақты іс-шараны қамтиды.
Жалпы, қазақ-өзбек одақтастығына биыл тың серпін берілгенін тағы бір жайт паш етеді: сонау 1993 жылғы «Өзара саудада тауарлардың шығу тегі ережелерін» Өзбекстанның қолдануына рұқсат беруге қатысты ұзақ жылғы келіссөздер ақыры оң шешіммен аяқталды. Тауарлардың шығарылған елін анықтаудың бірыңғай тәртібі еркін сауда режиміне жол ашады. Яғни, өзбектер ЕАЭО-ға кірмей-ақ, соның мүшелері пайдаланатын игілікке қол жеткізе алады.
Қорыта айтқанда, егер елдеріміздің алыс-берісі, барыс-келісі өрістесе, бизнесмендері қол алысса, экономикалық ынтымақтастық жолындағы тоспалар құлатылса, сыртқы жаудан бірлесе қорғану шаралары нақты қолға алынса, қазақ пен өзбектің одағы шынымен өркен жаяры сөзсіз.