Еуроодақ Ресейге қатысты 9-санкциялар пакетін ұсынды

Бүгінгі жастар батыл. Арманына адал. Не қалайтынын, болашақта өзін қай салада көретінін біледі. Білмей басқа бағытқа кетсе де, өз жолын табудан қорықпайды. Мамандығына адал. Ісін жақсы көреді. Барын салады. Сондай жастардың бірі – алматылық Айша Сурамаева. Ол есепші боламын деп таңдаған оқуымен қатар, өзінің икемі бар саланы қоса алып жүр.
Бір кезде оған хобби болған макияж бүгінде оны АҚШ-тың сән индустриясына жеткізді. Айтуынша, бала күнінде ішкі комплексінен макияж жаға бастаған. Бірақ сол кездегі комплексі мен тума таланты қазір оны ешқашан ойламаған белесіне көтерді... Толығырақ Айшаның өзі баяндап берсін.
«Талантым – қаруым, комплексім – күшім, еңбекқорлығым – жетістігім»
Есімім – Айша Сурамаева, қыркүйекте 23 жасқа толамын. Негізгі мамандығым – есеп және аудит. Нархоз колледжін және университетін бітірдім. Кішкентай кезімнен сурет салатынмын. Мектепте түрлі жарыстар болғанда плакат салу керек болса, мен салатынмын. Суреттен түрлі конкурсқа да қатысып, жеңімпаз болдым. Үйде төрт қызбыз, үшеуінің суретке икемі бар және солардың біреуі – мен. Сондай-ақ, жасөспірім кезімнен бетімде акне болатын. Ондай жаста достарымыз, сыныптастырымыз біртүрлі қарайды. Содан ыңғайсызданатынмын. Ішімде комплекс болатын және соны жасыру үшін макияж жағатынмын. 2-3 жылдан кейін туыстарым менің макияжымды байқай бастады. «Күшті макияж» деп комплименттер айтатын болды. Бір күні туыстарым тойға макияж жасап беруімді өтінді. Сөйтіп жай-жай туыстарымнан бастадым. Соңында талантым қаруыма, комплексім күшіме, еңбекқорлығым жетістігіме айналатынын білмедім.
«Отбасым, әсіресе әкем әрқашан қолдайды»
Отбасым мені әрқашан қолдайды, әсіресе әкем жақсы қолдау көрсетеді. Басында Америкаға арман қуып барамын дегенде де әкем қолдаған. Осы бастамамды да қолдады. Себебі олар менің қабілетім барын біледі және соны шыңдауды қолдады. Мен үшін қуанады және мені мақтан тұтады.
«Бөлемнің кеңесімен макияж курсын оқыдым»
Бір күні бөлем «Айша, сенің макияжға икемің бар, қолыңнан келеді. Оны кәсіби түрде оқып ал» деген кеңес берді. Оның ақылын тыңдап, курсқа жазылдым. Короновирустан кейінгі уақытта жеңілдікпен макияж курсын оқып алдым. Сонда бұрын хобби ретінде, комплексімді жасыру үшін бастағанымды маман ретінде бекіттім. Сөйтіп кәсіби визажист жолым басталды.
«Қосымша табыс ретінде көретінмін»
Кәсіби визажбен айналысып жатқаныма 4 жыл болды. Қазақстанда студент болып жүргенде визажды қосымша табыс ретінде көретінмін. Сұлулық салондарында да, үйде де қыздарды бояндырдым. Қазақстанда танымал әнші-әртістерге қызмет көрсеттім. Поп әртістермен коллобарация жасап, түрлі жобаның визажисті болдым. Әйгілі компаниялардың жарнама роликтеріне түсетін кейіпкерлердің визажисті болдым. Сөйтіп жүріп бірнеше реклама кампанияларына қатыстым. Осылар арқылы көп тәжірибе жинадым.
«Оқуымды аяқтасам да, визажды тастамадым»
Осы визаж курсын оқып жүргенде мұғалімім: «Егер осы визажды тастамай, әрдайым айналыссаң, онда сенен жақсы маман шығады және жетістікке жетесің» деген. Сол сөздерден кейін мен алдымнан шыққан барлық мүмкіндікті жібермей, қолымнан келгенінше тырыстым. Сөйтіп визаж менімен егіз болып кетті. Оқуымды аяқтасам да, дипломдағы мамандығыммен жұмыс істесем де, визажды тастамадым.
«Нью-Йорк жолымды ашты»
Адам неге ұмтылса, сол алдынан шығады және соған қарай жол ашылады деп ойлаймын. Менің де солай жолым болды. Себебі Нью-Йоркке келерде алып қаланың индустриясын көруді, тәжірибе жинауды, өзіме жаңа белес қылып көруді ойлап келдім. Сөйтіп ойымдағы алдымнан шықты – Нью-Йоркте визажист отандастарымды кездестірдім. Атап өтер болсам, Әнел Әлім есімді әпкеміз шақырды және ол менің осы қаладағы үлкен жолымның басталуына себепкер болды. Нью-Йорк жолымды ашты. Осы қалаға келгеннен кейін екі айдан соң ірі фешн шоудың визажистерінің қатарында отырдым. Фешн шоуды қалай өткізу керек, не істеу керек, жеке-жеке әр қатысушыға хабарласып, сол шоуды абыроймен өткіздім. Сөйтіп Әнел менің жұмысымды ұнатып, басқа да шоуларға шақырды. Содан бері 15 шақты шоуды өткіздім. Оның ішінде Hamptons Fashion Week, Times Square Fashion Week, Digital Fashion Week, Fashion Week Brooklyn, Orlando International Fashion Week, NYFW, United Nations Show, Miami Grand Debut Fashion Experience Show, The Makeup Show және т.б. шоуларға қатысып, он-он бес адамнан тұратын команданы жинап, шоуларға апарып, басқардым. Өзім де модельдерге макияж жасап, кіші және танымал дизайнерлермен жұмыс істеп бастадым. Олардың ішінде: Diana Mahrach, Malan Breton, Giannina Azar, Douglas Tapia сияқты танымал дизайнерлер болды. Сонымен қатар Халықаралық Сұлулық Сән Қауымдастығы (IBFA) ұйымдастырған конкурста төреші болып, кейін Cұлулық бойынша әлем чемпионатына (WBC Championship) шақырту алып, төреші болдым. 31 мамырда Қытайдың ХХІ Халықаралық Модельдер байқауында тағы да төреші боламын, модельдер байқауында визажистер макияжды терінің түрі мен өңін ескере отырып, модельдің жеке ерекшеліктерін қаншалықты үйлесімді түрде ерекшелейтінін бағалайды. Макияжды қолдану техникасы, оның дәлдігі және байқау тақырыбына сәйкестігі маңызды. Визажистер табиғи, бірақ сонымен бірге мәнерлі және кәсіби көрінетін макияж жасауы керек.
Тағы бір қуанып айтатын мәлімет, Orlando International Fashion Week және United Nations CG менің бойымдағы талантты, бірегейлікті байқады және мені Key Makeup Artist және сұлулық апталығының жетекші макияж суретшісі 2025 ретінде марапаттады.
«Алда Майами, Париж, Токио»
Нью-Йорктен бөлек, Майами, Орландо, Техас, Лос-Анжелес, Париж, Миланға шақырту алдым. Бруклин фешн шоуды өткізетін серіктестеріміз Жапонияда шоу өткізейін деп жатыр. Сол шоуда да бірге жұмыс істеуге шақырды. Сондықтан қазір тура жолдамын және ішімдегі талантым мен еңбегімнің жемісін көріп жатырмын деп ойлаймын. Сонымен қатар, алда атқаратын жұмыс көп және әлемге танымал визажист болатыныма сенемін. Нью-Йорк маған бұл мүмкіндікті ашқан қала болды, сол себепті өзімді осы қаламен байланыстырамын және ризамын.
«АҚШ пен Қазақстандағы визаждың айырмашылығы көп»
Америкада сенен макияждың қай түрін жасайсың деп сұрайды. Той, ТВ, концерт, фешн, коммерциялық макияж ба – қайсысын жасайсың деп сұрайды. Ал Қазақстанда жалпы макияжды үйретеді. Бір бағытты таңдамаймыз. Сосын Қазақстанда біз ұстамды, табиғи макияжды жақсы көреміз. Ал АҚШ-та жарқын, өзгелерден айрықшаланып тұратын, батыл макияждарды көп жасатады. Ешқандай шектеу жоқ.
Коса кетуге болатын жайт: Қазақстаннан келген макияж суретшісі ретінде АҚШ-та кездесетін тері реңктерінің әртүрлілігіне аздап бейімделу керек болды. Қазақстанда мен жергілікті халықтарға тән зәйтүн, алтын және ашық реңктер басым болатын тері түстерінің неғұрлым шектеулі спектрімен жұмыс істеуге дағдыланған болатынмын. Мұнда АҚШ-та сіз әлдеқайда кең әртүрлілікке тап боласыз – еуропалық типтегі өте ашық теріден афроамерикандықтардың терісіне дейін, сондай-ақ азиялық және испандық түрлерге тән сары және зәйтүн реңктері.
Осы айырмашылықтарға сүйене отырып, тоналды кремдердің реңктерін дәл таңдау және араластыру мүмкіндігін ескеру керек. Мысалы, еуропалықтардың ашық терісі үшін суық немесе бейтарап тоналды өнімдерді қолданған дұрыс, ал қараторы немесе зәйтүн терісі бар адамдар үшін жылы немесе алтын реңктерді ескеру қажет болады.
Сондай-ақ, АҚШ-та макияж суретшілері көбінесе айқын контрастармен жұмыс істейтінін атап өткен жөн, мысалы, қараторы клиенттерге арналған жарқын макияж немесе ашық теріге табиғи қарапайым жасау. Сонымен қатар, әртүрлі текстурамен және реңктермен жұмыс істеуді үйрену керек, әр тері реңінің ерекшеліктерін көрсететін дұрыс крем, пудра, румяна және тени таңдай білу керек.
Уақыт өте келе сіз нәзік айырмашылықтарды жақсы сезінуді және реңктерді клиенттің терісінің табиғи түсімен, сондай-ақ оның қалауы және стилімен үйлесетін етіп таңдауды үйренесіз.
«Менің миссиям – білгенімді бөлісу және басқалардың мүмкіндіктеріне жол ашу»
Қазір өзімнің нақты нені қалайтыным және өзімді 5-6 жылдан кейін қай жерде көретінімді түсіндім. Ол – визаж. Оның артында үлкен арман жатыр – адамдарды бояндыру арқылы олардың қуанышынан ләззат алу, өзім сияқты көрнекті талантты қыздарға үлгі болу. Бьюти әлемде өзімді мойындатқым келеді... Сонымен қатар, болашақта өзімнің визаж мектебімді ашқым келеді. Өзімнің білетінімді өзгелерге үйретіп бастадым, себебі тәжірибеммен бөліскім келеді. Енді менің Америкада да тәжірибем бар. Соны да курсыма қоса аламын. Яғни, өзімнің білгенімді бөлісіп, таланттардың жұлдызын жаққым келеді. Келесі миссиям сол – білгенімді бөлісу және басқалардың мүмкіндіктеріне жол ашу. Арманға сену керек және орындалады дегенге үлгі болғым келеді.
Рахила Бекназарқызы