Тарихи деректерге жүгінсек, Cапура Мәтенқызы киелі Қобда өзені жағасында 1753 жылы дүние есігін ашқан.
Батыр қыз өмірін зерттеушілердің бірі көрнекті қаламгер Әнес Сарайдың пайымдауынша, Сапура он жеті жасында тұрмысқа шыққан. Күйеуі 1771 жылғы Еділ қалмақтарының қанды жорығында ерлікпен қаза табады. Одан кейін артында қалған Сапура қазақтың әмеңгерлік жолымен қайнысы Жанбалтаға қосылады. Бірақ іште қайнаған кек, жүректегі жара жазылмайды. Жауда кеткен есесін қайтару, ел намысын таптатпау туралы ой оған маза бермейді.
1775 жылы Е.Пугачев бүлігі жанышталғанымен, оның ықпалы, жалын-өрті жан-жаққа кеңінен жайылады. Патша өкіметінде осыған байланысты үлкен қорқыныш туындайды. Болжамдалған зор апаттың алдын алу мақсатында Жайық бойындағы казак-орыстарды, жан-жақтағы басқа да ұлт өкілдерімен қатар, Кіші жүз аймағындағы қазақ руларын да қысымға ала бастайды. Осы мақсатты орындау үшін атақты қолбасшы Суворовтың өзі атқа мінеді. Кіші жүздің ішіндегі табын, тама, байбақты, жағалбайлы, шекті, кердері, т.б. рулар шамалары келгенше топтасып, бір жағы жазалаушыларға қарсылық білдіру үшін жинала бастайды.
1775 жылдың қыркүйек айында Елек, Қобда сағасында отырған қазақтар жазалаушыларға қарсы шығады. Бұл қозғалыс тарихта Көктемір көтерілісі деген атқа ие болады. Жасақ саны күннен күнге ұлғайып, мыңдаған сарбаз бас құрады. Осы көтерілістің басында жүрген Сапура Мәтенқызы 1776 жылдың көктемінен бастап өз бетінше әрекетке кірісті. Аңызға бергісіз алапат оқиғалар осы кезден басталады.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, Ұлттық Ғылым академиясының корреспоендент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисоваға жолдаған ресми хатында: «Сапура (Сапар) Мәтенқызы 1775-1776 жылдары Пугачев көтерілісінен кейін Елек-Қобда өзендерінің бойында қарулы қарсылықтарды жалғастырған тарихи тұлға. Архивтік деректерге қарағанда, ол Пугачев күресі басылған бір жылдай уақыттан кейін халықты қайтадан патшаға қарсы күреске шақырып, орыс шебіне бірнеше жорықтардың жасалуына ұйытқы болған. Ел ішіндегі әңгімелер мен сол замандағы куәгерлердің айтуынша, Сапура Мәтенқызы белгілі бір тылсым қасиеттерге де ие болған. «Көрінбес», «Көктемір» немесе әулие атанған сырт күштермен байланысқа түсіп, халыққа оның үндеулерін жеткізіп отырған. Сапардың (деректе осылай аталады) үндеулері нәтижесінде қасына 1500 адамдық қарулы жасақ та жиналған.
Сапураны көптеген белгілі батырлар, Досалы, Сейдалы сұлтандар қолдаған. 1775 жылдың күзінде Сейдалы сұлтан, Қалыбай, Қадыр, Садыр, Тотай т.б. батырлар бастаған 400 адамдық жасақ башқұрттарға жорық жасаған. Орыс шебіне бұдан кейін де бірнеше шапқындар ұйымдастырылған.
Орынбор әкімшілігі Сапура Мәтенқызы туралы нақты мағлұматтар алу үшін қазақ ауылдарына тыңшыларын жіберген. Олардан бөлек ол жөнінде біршама ақпарлар Нұралы хан хатында, ханға жіберілген сотник Дерковский рапортында, Мәметей есімді башқұрт биінің мәліметтерінде кездеседі. Осындай мәліметтер арқылы Сапураның Табын руынан шыққан 22 жастағы қыз екені белгілі болған. Өлке басшылығы «Көрінбес» қозғалысын басу үшін шаралар қолданған. 1776 жылдың жазында Сапура Мәтенқызы Қиыл өзенінің бойына қоныс аударған. Осыдан соң ол туралы деректер ұшыраспайды», – деп жазады.
Сондай-ақ тарих институтының басшысы Сапура Мәтенқызының Отан тарихындағы ең бір жұмбақ тұлғалардың бірі болып қалып отырғанын айта келіп, оның тағдыры мен күресін толыққанды баяндау қосымша деректерді іздестіруді қажет етеді. Оның айтуынша, батыр қыздың есімі ұшырасатын құжаттар Орынбор архивінде шоғырланған. Кеңестік дәуірде «Көрінбес» қозғалысын тарихшылар А.Ф.Рязанов пен Н.Е.Бекмаханова зерттеп, біраз деректерін жарыққа шығарған.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты бұл тақырыпты әлі де тереңдетіп зерттеуге мүдделілігін білдіреді.
Сапура Мәтенқызы туралы сан қилы аңыз-әңгімелер ел ішінде күні бүгінге дейін айтылады. Бұған қарап кейде кейіпкеріміз бостандықты аңсаған халық арманынан, елдің ой-қиялынан дүниеге келмеді ме деп ойлап қалуға болады.
Қазақтың көрнекті жазушысы Әнес Сарай республикалық «Қазақстан әйелдері» журналының 1997 жылғы ақпан айындағы санында жарияланған мақаласында батыр қыздың Ақтөбе облысының Қобда жерінде дүниеге келгенін мәлімдейді. Бұл деректі қадірлі қаламгер Әбіш Кекілбаевтың да мақұлдағаны мәлім.
Сондай-ақ танымал тарихшы Ермұқан Бекмахановтың қызы Нәйла Бекмаханова өзінің Пугачев көтерілісіне қатысты көлемді зерттеу еңбектерінің бір тарауын «Легенда о Невидимке» деп атаған. Нақ осы еңбек 1983 жылы «Көктемір туралы аңыз» деген атпен қазақшаға аударылады.
Талантты ақын Ізтай Мәмбетовтың кезінде «Көктемір» деген поэма жазғаны әдебиетсүйер қауымға бұрыннан белгілі.
Қалай болғанда да Сапура батырдың өмірде болғаны, қолына қару алып, жауға қарсы күрескені, сондай-ақ жауларының жүрегіне қорқыныш енгізіп, тізелерін қалтыратқаны ақиқат нәрсе.
Ал аңыз неден туады? Негізінде ғылыми зерттеуде: «Қазақ аңыздарының ертегілерден ерекшелігі сол – барлығы да тарихта болған адамдар жайында айтылған, халық шығарған көркем әңгіме болып келеді. Кейін оларға қоспалар қосылады да, халық шығармашылығының ерекше бір саласын құрайды», – делінеді. Ендеше, біздің кейіпкеріміз туралы айтылып жүрген аңыздар да ақиқаттан туындағаны анық.
Бір аңызда оның халықтың көзіне көрінбейтін жан екені айтылады, бірақ төрт аяқты адам ретінде сипатталады. «Адамша сөйлейді», – дейді. Орда тұрады екен де, кейде одан шығып, екі-үш тәуліктей сапарлап кететінге ұқсайды. Бірақ қайда барады, қайдан келеді, оны ешкім білмейді. Оның бар екені күркіреп жүргенінен ғана білінеді, айбарлы дабылы болады екен. Алайда ешкімге көрінбейді.
Аңыз адам өзін «моншақты өгізбін» дейтін көрінеді, басы адамның басы секілді, құлақшын киген, бірақ өгіздікіндей мүйіздері бар. Арқасы темірмен қапталғандықтан Көктемір аталып кеткен дейді.
Бұл аңыздың түп негізі – көзге көрінбейтін батыр жаудың мысын басып, тынысын тарылтады, олардың арасында үрей-қорқыныш тудырады.
Екінші бір аңызда Сапураның бөрі пірі ретінде бейнеленсе, тағы бірінде «темір қыз», «шу асаудың перісі» деген атаулармен аңыз кейіпкері ретінде кейіптеледі. «Шу асау перісі» аталуының мәні – батыр қыз жарақ жылқыны тай күнінде таныған. Бұғалық тимеген асаудың өзі Сапураны көргенде денесі дір-дір етіп, жуасып сала береді екен. Ал ол шу асаудың жалы мен шоқтығынан тартып тұрып жадағай мініп кете берген.
Ал «бөрі пірі» ұғымы – қасқырды жалаңаш қолымен ұстайтын қайратына қатысты айтылған. Қасқыр аулауға шыққанда абадан көкжалдар далаға безіп қашса, ұрғашылары апандарына тығылған. Сапура қаншық қасқырларды тірідей жалаңаш қолмен суырып алып шығатын болған. Содан бөрінің пірі атанған.
Белгілі жазушы Жақау Дәуренбековтің «Көктемір» атты роман-хикаясы – батыр қыздың көркем әдебиеттегі бейнесін айқын көрсеткен толымды туындылардың бірі. Қаламгер тарихта «Көктемір», «Көрінбейтін адам» есімімен мәлім болған Сапура Мәтенқызының күрес жолын өзінің көлемді еңбегіне арқау еткен.
Романда баяндалғандай, 1775 жылдың соңына қарай Кіші жүзде өзін Пугачевтің мұрагерімін деп жариялаған «Көктемір» (немесе «Көрінбейтін адам») туралы аңыз таралады. Ол: «Үшінші Петр император қайтып оралады, сол себепті де күресті тоқтатпауымыз», – қажет деген үндеу тастайды. Осы мәселеге орай зерттеу жазған ғалым Н.Бекмаханова «Көрінбейтін адам туралы аңыз» еңбегінде бұл лақап есімнің артында Табын тайпасының өкілі Мәтеннің 22 жастағы Сапар (Сапура) атты қызы тұрғандығын атап өтеді.
Қарапайым халық «көрінбейтін адамды» теңдесі жоқ күштің иесі, ерекше таңғаларлық қасиеттері бар адам ретінде елестетті. Жақау Дәуренбековтың хикаясында Сапура тарихи тұлғадан көркем образ дәрежесіне көтеріледі. Жазушы Сапураның ұлт-азаттық қозғалыстың үлкен бір күшіне айналуын саралап суреттейді. Нұралы ханның тапсырмасымен келген інісі Ералының алдында Сапура хан қаһарынан қорықпайтынын білдіріп, сұлтанмен тең дәрежеде сөйлесіп, тайсалмай жауап береді. Алған бетінен таймайтынын, жолынан қайтпайтынын білдіреді.
Міне, бұл – Сапураның нағыз бейнесі.
Алматыдағы «Жалын» баспасынан 1981 жылы жарық көрген тарихшы Нәйла Бекмаханованың «Көрінбейтін адам туралы аңыз» атты кітабының VІ тарауы «1775-1776 жылдардағы Кіші жүздегі Көктемір көтерілісі және оның белгілері» деп аталады.
Бұл еңбектің ерекшелігі – тарихшының қолымен жазылуы. Сондықтан да ол қалай болғанда нақты тарихи деректерге сүйенеді.
«1775 жылдың қыркүйегінде Кіші жүздегі Табын мен тама руларында бір адам пайда болып, оның есімі аңызға айналады. Дала қауесеті оны – Көзкөрмес, Әулие, Арбағыш деп, бірақ көбіне оны Жанкөрмес немесе Көктемір деп атаған», – деген мағлұматтар бар онда.
Осы еңбекте сол жылдардағы көтеріліс, оның сипаты, халық арасында таралуы ғылыми тұжырымдамалар арқылы нақты беріледі.
Соңғы жылдары Сапура Мәтенқызының азаттық үшін күрестегі алатын орны көптеген шаралардың басты тақырыбына айналды. Соның бірі – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Сапура Мәтенқызы – аты аңызға айналған тарихи тұлға» атты Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада ұйымдастырылған дөңгелек үстел. Онда тарихты терең зерттеп жүрген қаламгерлер мен ғалымдар, мұражай қызметкерлері ойларын ортаға салып, батыр қыздың бейнесін бүгінгі ұрпақ санасында қалыптастырудағы ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Осындай бір көрнекті шара Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында да ұйымдастырылды. «Азаттық үшін атқа қонған Сапура» атты дөңгелек үстел басындағы әңгімеде қазақ тарихындағы ерекше орны бар батыр қыздың келбеті жан-жақты ашылды. Ең бастысы, бұл тақырыпқа жастардың ерекше қызығушылығы байқалды. Мектеп оқушылары өз сауалдарын қойып, танымдарын кеңейтті. «Көзге көрінбейтін батыр қыз» атты кітап көрмесі мұнда келушілерге зор әсер қалдырды.
Осындай бір кездесу облыстық тарихи-өлкетану музейінде жалғасты. Онда «Көктемір атын жамылып, күреске түскен батыр қыз» атты тарихи-танымдық кеш ұйымдастырылды. Жиырма екі жасында мың сан қолды бастап, патша өкіметіне қарсы шыққан нәзік қыздың жүректілігі туралы әңгімелер жиналғандарды ерекше әсерге бөледі.
Ақтөбе қаласындағы «Анаға тағзым» орталығындағы «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында ұйымдастырылған шара инстаграмм парақшасы арқылы тікелей эфирде қалың жұртшылыққа жол тартты. Мұнда ел намысын қорғау жолында атқа мінген қазақтың қайсар қызы туралы тарихи деректер жүйелеп жеткізілді.
Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова мемориалдық музейіндегі «Сапура Мәтенқызы – тарихи тұлға» тақырыбындағы тарихи-танымдық шара Қобда өңірінен шыққан ержүрек қыздар сабақтастығын бейнелегендей болды. Бір қуанарлығы, Сапура батыр туралы деректер жыл өткен сайын толығып, дара тұлғаның бейнесі тереңдеп, айқындала түскендігі. Мәселен, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Нұржан Жетпісбай Сапура Мәтенқызы туралы тың деректерді Орынбор архивінен алып, көпшілік игілігіне табыс етті.
…Иә, аңыз ақиқаттан туады. Ал қазақтың намысқой батыр қызы Сапура Мәтенқызының аңызға айналған өмірінің ақиқаты бүгінгі күні нақты тарихи деректермен тұжырымдалып, алақандағыдай айқындалып отыр.
Осы арада Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Шынына келсек, Тәуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз әлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт әлдеқашан келді», – деген пайымдаулары көңілімізден шығады.
Ендеше, Сапура батыр туралы Қазақ халқының жаңа сипаттағы тарихы кітабына енгізілуі, сөйтіп жас ұрпақтың ол жөнінде нақты білуі таяудағы уақыттың еншісі деп білеміз.
Исламғали БІТІК,
тарихшы