Гвардия сержанты (жазушы-майдангер Кемел Тоқаев туралы толғау)

Ұлы Дала 22:18, 07.12.2022 9

Ұлы Жеңіске – 75 жыл!

Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы

Қазақ даласындағы алапат Ашаршылық жылдары ата-анасынан ерте айырылған он жасар Кемел Тоқаев ағасы Қасыммен бірге балалар үйіне, әуелі Меркідегі, кейіннен Шымкент қорғасын зауытының жанындағы жетім балаларға арналған интернатқа тап болады. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған уыздай жас Қасым інісіне қамқорлық жасауды өз мойнына алады. Ол темірдей тәртіпті сүйетін. Сондықтан мектеп-интернатта көптеген қоғамдық тапсырмаларды қалтқысыз орындап, мұғалім-тәрбиешілері мен өз құрбы-құрдастарының арасында абыройлы болады, сол арқылы кішкентай Кемелге үлгі көрсетеді. Ата-ананың мейірімі мен жүрек жылуынан ерте ажырап,  қатал тағдырдың  қыспағына  түскенімен, ағалы-інілі балаларға оқу аса қиындық тудырмайды. Ал соғыс басталардан аз ғана бұрын, мектеп пен фельдшерлік училищені бітірген Қасым  Свердловскіге жолдамамен барып, жас офицерлер даярлайтын қысқа курстан өтеді.
Кемел Тоқаевтың мұрағатында ағасының жарық дүниедегі жалғыз жақын адамына, бауырына деген ағалық қамқорлыққа, мейірім мен жылылыққа  толы хаттары сақталған.
Қасым майданға аттанарда ағайындылардың ажырасу сәті ауыр болды. Қоштасу сөздері айтылған жоқ. Екеуі интернат ауласындағы сәкіде  көздерін жерден алмай, тозығы жеткен бәтеңкелеріне қарап отырды. Бұл бір-бірімен мәңгілік қоштасуы екенін екеуі де сезгендей еді. Ағасы орнынан тұрып, қол сағатына қарады да, Кемелге әскери комиссариатқа баратын уақыт таяғанын айтты. Інісінің қош айтысқан көзқарасын байқаған ол сағатының бауын ағытып, оның білегіне тақты.
–    Ескерткіш ретінде тағып жүр!
–   Ал сен ше?
–    Менде басқасы, командир сағаты болады.
Олар бір-бірін қатты қысып құшақтады, сосын Қасым әскерге аттанатын басқа да жолдастары отырған жүк машинасына бет алды…
Жетім балалардың барағына әбден қас қарая оралған Кемел көз жасын тыя алмай, түні бойы жылап шықты. Қол сағаттың тықылы соғысқа аттанған ағасын әлсін-әлсін есіне салды, толықсып туған ай оңтүстік түнінің кеңістігіне үрейлі сәулесін шашып тұрған еді. Сыныптастары – балалар үйі тәрбиеленушілерінің қолы жете бермес, ағасынан қалған осы сағатты өмір бойы оның көзіндей көріп жүрді.
Бір жарым жылдан кейін оның өзіне де майданға аттану кезегі келіп жетті. Кемел Тоқаев сержанттар даярлайтын қысқа мерзімді курсқа жіберіліп, оны тәмамдағаннан кейін Совет Армиясының жауынгеріне айналды.
Ағасы Қасым 1942 жылы 22 ақпанда Ржев түбіндегі шайқаста қаза тапты. Артынан келген «қара қағазда» оның қай жерде опат болғаны нақтылы айтылмаған еді. Тек социалистік Отанымызды – КСРО-ны қорғауда ерлікпен қаза болды деген бір ауыз сөз ғана жазылған.

Жазушы Кемел Тоқаев. 1977 ж.

Арада ондаған жылдар өткенде, Ресейдегі Қазақстан Елшілігі қызметкерлері мен «Мемориал» қоғамы мұрағатының  арқасында Тверь облысы Ржев ауданындағы Трубино деревнясында жерленгені туралы нақты дерек табылды. «Ештеңе де, ешкім де ұмытылмайды!» деген, шынында да, осы.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әке туралы ой» деген кітабында былай деп жазады: «Студент кезімде  мен әкемнен оның өмірінің ең бір қиын кезеңі жайында сыр тартып сұрадым. «Мен үшін аса ауыры – ағамның қазасы туралы «қара қағаз» алғандағы алғашқы минуттар  болды», – деді ол.
Әкем оның хаттары мен Совет Армиясы лейтенантының формасымен түскен суреттерін көзінің қарашығындай сақтап жүрді. Суреттің сыртына  өз қолымен қарындашпен «Інім Кемелге ескерткішке» деп жазыпты. Әкем ағасының түсіне жиі енетіні, өмірдегі тосын жайлардан сақтандырғысы келгендей,  ақыл-кеңес айтатыны туралы ылғи әңгімелейтін еді.  Кей кездері маған ол ағасының ғайыптан  тіріліп келетініне үміттенетін тәрізді көрінетін. Мұндай сәттерде әкем: «Мүмкін ол ауыр жарақат не контузия алғаннан кейін госпитальдердің бірінде адасып қалған шығар, соғыста не болмайды дейсің. Мен өзім Гомель, Омбы, Алматы госпитальдерінде ауыр жараланып жатқанда, аяғы мен қолдарынан айырылған көптеген жас жауынгерлердің үйлеріне қайтқысы келмей, шағын станса мен вокзалдарда із-түзсіз жоғалып кеткенін көзіммен көрдім», – деуші еді. Оның майданда қаза болғаны жайлы ресми хабар алғаннан кейін ғана, мына жер-жаһанда Тоқаевтар әулетінен жалғыз өзі қалғанын мойындаған еді».

Сержант Кемел Тоқаев. 1943 ж.

Соғысқа жаңадан аттанғандар мінген эшелонды, олардың ішінде сержант Кемел Тоқаев та бар, жау ұшақтары майдан шебіне жете бере оқтың астына алды. Жиырмаға да толмаған жас жауынгерлердің көпшілігі үрей мен қорқыныштан бір уыс болып бүрісті де қалды, жаңбырша жауған снарядтардың азынаған үні мен ысқырығы жер жарады, жараланған сарбаздар айғайлап, тіпті еңкілдеп жылай бастады. Қайраттанып,  тас-түйін   бекінген Кемел басқа да полктастарымен бірге вагонды тастай қашып, ашық даладағы дөңестің баурайына бой жасырды. Жау ұшақтарының бірі  жер бауырлай ұшып, Кемелдің үстінен пулемет оғын төпелетті. Зулаған оқтар жас сержантты  жанамалап өтіп, топыраққа бұрқ-бұрқ  сіңіп жатты. Бұл соғыстағы алғашқы жауынгерлік сынақтың  нақ  өзі еді.   Отты қырғыннан аман қалған командирлер полк штабымен байланысқа шығып, әскери бөлім орналасқан жерге бару үшін топтасуға бұйрық алды.

Кемел Тоқаев  «Солдат соғысқа кетті» кітабында өзі құрамында соғысқан полктің көп ұлттан құралғанын жазады. Басым көпшілігі орыстар болғанымен,  украин, белорус, өзбек, қазақ, татар және басқа да халықтардың өкілдері де бар еді. Барлық жауынгерлердің басын біріктірген ортақ мақсат –  Отанды қорғау, фашистерді тізе бүктіру болатын.

Сержант Кемел Тоқаев шайқасқан бөлімше танк десанты тобының құрамына қарайтын. Олардың міндеті жүйткіп келе жатқан танктен секіріп түсе қалып, атакаға шығу, автоматтан оқ жаудырып, шынжыр табандылар өтіп кеткеннен кейін ұрыс даласында жаяу  шұбырған жаудың   көзін жою еді. Егер танкистер қорғана алатын бронь астында болса, ал жаяу әскердің шабуылға шығуын күтіп тұрған десантшылар бастырмалата берілген жауап-соққы кезінде мүлдем қорғансыз қалатын. Сондықтан қарсы алдыңнан қарша бораған оққа ілініп қалмас үшін ерекше қырағылық пен сақтық қажет еді

Кемел Тоқаев бірде үш күнге созылған ұрыстан соң ротасының азықсыз қалғанын айтады. Дала асханасы жолай әлдебір кедергіге кез болып, алғы шепке жете алмай қалса керек. Бұл соғыс кезінде жиі болып тұратын үйреншікті шаруа еді, сосын бәрі өз қалпына түсетін. Бірақ бұл ретте жауынгерлерге үш күн бойы нәр татпай шайқасуға тура келді. Дағдылы ботқа мен бұқтырылған ет жемеген  асқазан шұрылдап тұрса,  жауынгерлік рухты нығайтатын күш-қуат қайдан келсін. Жау бекінген нүктелерді ұзақ барлаудан шаршаған Кемелдің де әл-дәрмені құриды, жаңа шабуыл алдындағы   аял мен тыныс кезінде жауынгерлерге азық тауып беру үшін бір амал істемесе болмайды. Сөйтіп, таң алдында екі серігін ертіп,  хутор жаққа бет алады. Келе жатып,  кеше түнгі шайқаста қаңғыған  снарядтан жарақат алып,  жан тапсырғалы жатқан атқа кезігеді. Шешім табан астында қабылданады. Кемел интернат өмірін еске түсіріп, кезекшілік кезінде аспаздарға қыстық ет қорын жасауға көмектескенде үйренген әдісімен атты союға кіріседі. Жас етті өз ротасының бекінісіне сүйреп әкелген соң, сарбаздарына бірнеше шелек тауып әкелуді, оған су құйып, жылқы етін асуды бұйырады. Бұл ұсыныс бәріне бірдей ұнай қоймағанымен, аштық не істетпейді. Екі-үш сағаттан кейін ет те пісіп, араны ашылған солдаттар  бас қоя жеуге кіріседі. Жауынгерлер полктас қазақтың тапқырлығына дән риза болып, көпке дейін алғыс айтып жүрді. Ал ол болса: «Оқ пен оттың ортасында жүріп-ақ  бәріңе ұлттық тағамнан дәм татырдым», – деп әзілдей жауап қайтаратын. Ол әрең дегенде келіп жеткен дала асханасынан тұз сұрап алып, қазы айналдыруға кіріседі. Оны сүрлеу үшін танкінің үстіне жайып кептіріп, аз-кем тыным алған кезде экипаж мүшелерінің қарнын тойдырып қояды.

Екінші Беларусь майдан шебі. 1944 ж.

Кемел Тоқаев танк полкінің құрамында соғыса жүріп, Белоруссия, Украина және Польша жеріне дейін жетеді. Ал оған дейін Сталинградты қорғауға қатысқан. 1944 жылдың соңына қарай майданда көрсеткен ерлігі  үшін ержүрек жауынгер екі мәрте Ұлы Отан соғысы орденімен және бірнеше медальдармен марапатталады. Міне сөйтіп, небары 20 жастағы гвардия сержанты Кемел Тоқаев, бүгінгі өлшем тұрғысынан алғанда,  төрт елдің  аумағындағы жан алып, жан беріскен шайқастарға қатысқан.

Ол Берлинге дейін жете алмады, өйткені поляк жеріндегі ұрыстардың бірінде ауыр жараланды. Өзінің естелігіне қарағанда, неміс мергені танктің үстінде отырған азиялық жауынгерді, шамасы, оптикалық нысанаға алып, дәл көздеп атқан тәрізді. Оның тұтқиылдан жеткен жарылғыш оғы сержант Кемел Тоқаевтың оң аяғына тиеді. Кемел танктің үстінен жерге шалқалай құлап,  ес-түссіз сұлап түседі. Түн тыныштығын тек қана бұл дүниеге жат әлдебір дыбыстар ауық-ауық бұзады. Ол құлағына болар-болмас шалынған ағасының сағатының тықылынан есін жиып алады. Сағаттың секундтық тілі өтіп жатқан уақыт бойымен  жүйткіп қана қоймай,  есін жиған жас солдаттың санасында қаза тапқан ағасы Қасымның өшпес бейнесін қайта жаңғыртты. Ол Кемелге, сен жараланғаныңа қарамастан, өмірге оралуға тиіссің,  ажал біткенге  қасақана,  өмір сүруге  міндеттісің  деп бұйырып тұрғандай еді.

Әлдеқандай жұлдыз дыбыстары  түнгі аспан төсіндегі бұлттарды,  оның соңынан, ағаштың ұшар басының суретін жарығымен беймәлім өзен суының бетіне құлатқан толысқан айды  жақын маңдағы қараңғы орманға қарай қуалай, қалқи жөнелді.  Түнгі ауада қалықтаған қуатты дыбыс ашаршылық жылдары ағасы екеуі Қазақстанның оңтүстігін кезіп, жан сауғалап кеткен кездегі Қалпе ауылындағы қобыздың мұңлы үнін еске салды.  Сол бір ауыр жылдары барша туған-туыстары опат болды, ал осы бір үндер жадында өшпестей сақталып қалған еді. Аян бергендей болып, жаныңды рахатқа бөлейтін үндер мына жұлдыздарға да, айға да, бұлттарға да және түпсіз тұңғиық аспан кеңістігіне де токкато аккордтарындай жайылып, сіңе берді. Бұл поляк костеліндегі орган аспабының дыбысы болатын:  он сағат бойы ес-түзсіз жатқан Кемелді әскери санитарлар зембілге салып, жаралыларды уақытша қабылдау бекетіне айналған  костелге әкелген шақта ксендз – католик шіркеуінің священнигі органда ойнап отырған-ды.

Ал гвардия сержанты Кемел Тоқаев болса  жау территориясында жараланбағанына, сөйтіп, абырой болғанда,  тұтқынға түсіп қалмағанына тәубе етіп, балаша қуануда еді. Небары жиырмадағы балаң жігіт  болғанымен,   бейбіт өмір мен соғыс жылдарындағы тағдыр  тауқыметі оны ерте есейткен-ді.

Жара аса ауыр болып шықты, етігінің іші қанға толып қалыпты. Сүйек опырылып сынып кеткендіктен, аяқты аман сақтап қалу мүмкіндігі шамалы болатын. Дәрігерлер оны кесу керек деп ұйғарды, алайда жас сержант жалына жүріп, олардан бұлай  істемеуді   өтінді. Дәрігерлер оның   жан шырылына құлақ асып, жас сарбаздың аяғын кесу болашағына балта шапқанмен бірдей екенін түсінеді. Сөйтіп, ол Гомельдегі әскери госпитальге жіберілді. Көп қан жоғалтып, әлсіреген ол сонда  емделіп, өзіне-өзі келді.   Әскери-медициналық комиссия сержантты әскер қатарына жарамсыз деген түпкілікті шешім шығарды. Бұдан кейін Омбыдағы әскери госпитальде айлап жатып, ұзақ емделуге тура келді. Мұндағы дәрігерлер де аяғын кесу жөнінде қайта-қайта есіне сала берді, алайда ол бұған үзілді-кесілді қарсы болып, емді жалғастыруды талап етуден танбады, осы табандылығы ақыры сәттілікке  ұласты. Бағына қарай, сол жылдары, соғыс аяқталып қалған шақта, сынған сүйекті басқа жолмен емдеумен шұғылданатын талапты жас хирургтің назарына ілінді. Ол өз бетінше батыл қадамға барып, сүйекті арнайы аппаратпен  созып-тарту арқылы қалыпқа келтіруде тәжірибе жасап жүрген еді. Арада отыз жыл өткенде бұл әдіс, Илизаровтың тәсілі ретінде, әлемдік медицинада мойындалды. Осы аппаратты ойлап тапқан қорғандық Гавриил Илизаров өнертапқыштық жетістігі үшін Лениндік сыйлыққа ие болды. Шын мәнінде клиникалық тәжірибе-сынақпен айналысатын ол Кемел Тоқаевқа  сым-шабақ  тормен шандып тастау арқылы аяқты сақтап қалуға тырысып көретінін айтты. Тапқыр дәрігер жас организм төтенше жағдаятпен өзі күресіп, сүйек өз бетінше бітіп кетуі ықтимал деген болжамға сүйенген-ді.

Кемел Тоқаев аурухана төсегіне таңылып, Омбы госпиталінде үш ай жатты. Жай жатқан жоқ, жаралы аяғын жаңа әдіс бойынша жаттықтыра берді. Ақыры үміт те ақталды – ұзақ емдеуден кейін балдаққа сүйеніп тұратын халге де жетті. Осылайша, аяғын аман сақтап қалды!

Омбыдан кейін ол Алматыдағы әскери госпитальге жөнелтіліп, ірі ғалым-медик, академик Александр Сызгановтың жетекшілігімен сүйекті жасанды түрде өсіріп, қалыпқа келтіретін  ем курсын жалғастырды. Сөйтіп, жарты жылдан соң балдақпен ептеп жүре бастады.

Марқұм ағасы Қасымның арманын  сол жылы жүзеге асырып,  Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түсті. Университет табалдырығын  әскери киіммен, балдаққа сүйеніп жүріп аттады.

Емтихан қабылдаушылар арасынан Будданың бейнесіне сәл-пәл ұқсайтын қараторы жанның жүзі есінде қалыпты. Бұл Мұхтар Омарханұлы Әуезов еді, ол кісі  үміттендіре күліп қарап, жас майдангердің студент болуға деген ұмтылысын қолдайтынын сездірді.

Мұхтар Әуезов қазақ фольклоры туралы мақалаларының бірінде қазақ эпосы мен аңыздарында  тек қиял-ғажайып желі  ғана емес, мейірімділік пен зұлымдықтың мәңгілік  арпалысы, текетіресі  сияқты шытырман оқиғалы жанрға негізделген  қызғылықты сюжет те бар екеніне тоқталған болатын. Бұл шығармаларда арам ниетті әзәзілдер мен перілер аяқтан шалмақшы болып қанша әрекеттенсе де, жамандық пен жақсылық айқасында періште пейілді, таза ниетті жандар үнемі жеңіп шығып отыратын. Мүмкін, көркем сөздің ұлы шеберінің сабақтары мен құлағына құйған дәрістері сол кездегі жас студент Кемел Тоқаевтың болашақ шығармашылығының тақырыбын тауып,  шытырман оқиғалы детектив жанрын таңдауына, сол арқылы қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған жаңа үрдістің негізін салуына  түрткі болған да шығар. Бұдан кейін әлденеше мың таралыммен жарық көрген кітаптары бұл таңдаудың дұрыстығын дәлелдеді, өйткені детектив  шеберінің  қаламынан туған дүниелерді Қазақстанмен қатар басқа елдердің де оқырмандары сүйіп оқып, жоғары бағалады. Ал жазушы үшін ең басты нәрсе – өз оқырманын табу!

Алайда мұның бәрі кейіннен – жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында жүзеге асады. Алда шабыт құшағында таңды таңға ұрып, жазушылық кәсіппен айналысу және республикалық газет редакторы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы Ведомостарының  бас редакторы, бұдан кейін Қазақстан Жазушылар одағындағы әскери-патриоттық тәрбие кеңесінің жетекшісі және әдеби кеңесшісі міндеттерін атқару сияқты күнделікті журналистік жұмыс, сондай-ақ алғашқы және кезекті кітаптары беттеріндегі баспахана бояуының ұмытылмас иісін сезіну қуанышы  күтіп тұрған-ды…

Және де оңтүстіктің сол бір естен кетпес жайлы түні… Осы түні тау үстінен  қалқып шыға келген толық ай ем-домын аяқтап қалған оны Алматы госпиталінің қараңғы бөлмесінен өз жарығымен әлдеқайда еліте тартқан еді. Ол айдың құдіретті сәулесі төгілген еден тақтайдың үстімен терезенің жақтауына қарай жүрді. Бұл араға көп жылдар салып барып, балдақтың көмегінсіз алғаш рет табанымен жер басуы еді. Аяқ астынан денесін қарып жіберген ауырсыну сезімі санасын тіліп өткендей болды. Бір сәтте ой найзағайлары бірін-бірі алмастыра отырып, көкейде бұғып жатқан сан естелікті оятты. Қарындасының өрт құшағында қайғылы қазаға ұшырауы да, қайғыдан есін жия алмай, есеңгіреп, атпен түн тұңғиығын бетке алып шаба жөнелген әкесі де, өзінің үстіне ине-жіптен жаңа шыққан «вельветканы» жөндеп кигізіп жатқан анасының аялы алақаны да, Ржев батпағында ажал құшқан ағасы Қасымның ойлы көздері де – бәрі-бәрі…

Ол қалың ұйқыдан селк етіп оянғандай болып, терезе жақтауынан тастай қатып ұстаған күйі, балдақсыз, аурухана халатымен бір орнынан қозғалмай тұра берді. Сонау бала шағынан бері  ынтық етіп, бірде жоғалып  кетіп, бірде балғын қалпында қайтып оралатын ай сәулесі әлі де нұрын төгіп тұр еді. Бұл өмір үшін күресте басқа түскен бар  ауыртпалықты артқа тастап, ақыры жеңіске қол жеткізу болатын.

Ол алыста қалған балалық шағында ауыл шалдарынан естіген бір әңгімені есіне алды. Олардың айтуынша, түнде аспан шырақтары  адам жанының пәк таза және лас, қара күштерін өзіне тартады екен. Жер бетіндегі тіршілігі аяқталған соң адам жаны қырық күн мен түн бойы қалықтап ұшып жүреді. Жұбанышсыз күйдегі адам жанының аялдайтын жері – аспандағы алғашқы   тұрағы – бұл түн шырағы Ай. Оған бұрынғы арман қанатында, немесе көзге көрінбес, елеусіз дана қария кейпінде тау өзенін жағалай, шатқалды асып, ақбас мұздықтарды басып, ай жолымен жетіп, ол шың басынан сырғып шыққан кезде,  бір шетіне ілігіп үлгеру қажет. Ал ол жерде аспан қарауылы адам жанын қара түнекке ме, әлде жарыққа ма – қандай сатыға орналастыратынын өзі шешеді. Сонда, түн шырағының ар жақ бетіне біржола, мәңгілікке тұрақтар алдында басыңнан өткен бар өмірің, істеген күнәларың,  таза сезімдеріңмен қоса, көз алдыңнан тізіліп өтетін көрінеді.  Бүкіл әлем де, әр адам баласы да осыны бастан кешеді. Біз бала кезімізде болсын, жасөспірім шағымызда болсын, өз армандарымыз бен тілектерімізді ай арумен бөлісіп, сонымен сырласамыз, алақанымызды жайып тұрып, өмір бойы соған мінәжат етіп өтеміз. Ал жер бетіндегі татар талқанымыз таусылып, өмірмен қош айтысқан шақта, ай біздің орындалуға жазбаған ниет-тілектерімізді өз бойына тоғыстырып, қабіріміздің үстінде қалқып жүреді.

Соғыстан кейінгі жылдары ағасының бауы әлденеше рет ауысып, жаңарған қол сағаты, ондаған жылдар ішінде нақты уақыттан декретті уақытқа көшіп, жазды қысқа алмастырды, уақыт ағынымен механикалық тістегерішінен айырылып, электронды сағатқа айналды, алайда осының өзінде  де мәңгі соғысын тоқтатқан жоқ, өйткені мына тамаша да жойқын жер бетіндегі  өмірін толық аяқтамаған  ағасы  өз уақытын бұған сыйға тартып  кетті емес пе.

Жазушы-майдангер Кемел Тоқаевтың қалған өміріндегі ең жарқын мереке – бұл Жеңіс күні! «Жібек жолы» баспасынан Кемел Тоқаев атындағы Қайырымдылық қоры дайындаған «Рух күші және шығармашылық дарын», «Халыққа қалтқысыз қызмет ету», «Жеңіс хаттары» атты бірнеше кітабы жарық көрді. Баспагерлік қызметіме байланысты бұл басылымдармен қолжазба күйінде танысып шыққан едім.  Аталмыш кітаптарды толқымай, тебіренбей  оқу мүмкін емес.  Сабақтастық, жалғастық атты бір ұлы сөз бар: жасөспірім буын, бастауыш сынып оқушыларынан бастап, өз өлеңдері мен прозалық суреттемелерін майдангерлердің ұлы ерлігіне арнайды, ал мына жұмыр жер бетінде олардың қатары жылдан жылға азайып келеді.

Ал Кемел Тоқаев атындағы орта мектеп оқушылары майдангерлердің хаттарын жинастырып, «Жеңіс хаттары» атты халықаралық акция өткізді.

Бұл кішкене үшбұрыш хаттарда араларын уақыт қашықтығы ғана бөліп тұрған бірнеше ұрпақ өкілдері өзара  сыр шертіседі. Оқушылар ардагерлерге, тыл еңбеккерлеріне, соғысты бастан өткерген барлық жандарға тіл қатып, әңгімеге тартады. Әр хат өз өмірлерін құрбан ету арқылы бізге мына тамаша әлемді, Өмір сүру құқын сыйлаған ата-бабаларымыз бен әже-апаларымызға деген мақтаныш сезіміне толы. Бұл тамаша хаттардан біздің туғандарымыз бен жақындарымыздың ержүректілігі және қаһармандығы арқасында келген Жеңістің бағасы мен құндылығы жайындағы сұрақтарға жауап табасыз.

Олардың бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады!

Аударған Балжан ХАБДИНА

Дереккөз: Қазақ әдебиеті.

Q - на русском

«
Қараша 2024
»
  • Дс
  • Сс
  • Ср
  • Бс
  • Жм
  • Сб
  • Жс
  •  
  • 1
  • 2
  • 3
  • 4
  • 5
  • 6
  • 7
  • 8
  • 9
  • 10
  • 11
  • 12
  • 13
  • 14
  • 15
  • 16
  • 17
  • 18
  • 19
  • 20
  • 21
  • 22
  • 23
  • 24
  • 25
  • 26
  • 27
  • 28
  • 29
  • 30
  •