Жақында ресейлік телеарналардың бірінің эфирінде Украинадағы жағдайды талқылаған саяси шоу қонақтары Қазақстан "Ресей үшін келесі проблемаға" айналуы мүмкін екенін айтты. Бұл мәлімдемеге қатысты еліміздің СІМ басшысының орынбасары пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ресейлік саясаттанушының мәлімдемесі "Россия-1" телеарнасында айтылды. Сарапшы Ресей үшін келесі мәселе – Қазақстан екенін ашық айтқан, оның пікірінше, "қазір Украинада болып жатқан нацистік процестер мұнда да басталуы мүмкін". Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәжіліс кулуарында ресейлік телеарнада айтылған ойға қатысты пікір білдірді. "Мұндай мәлімдемелерге келетін болсақ, мемлекет басшысы, Сыртқы істер министрлігінің басшылығы, парламент спикерлері де мұндай мәлімдемелер, түрлі "сөйлейтін бастардың" түсініктемелері туралы бірнеше рет айтқан болатын. Біз былай деп есептейміз: біріншіден ол Ресей федерациясының ресми ұстанымын көрсетпейді, екіншіден, Қазақстан мен Ресей арасындағы дәстүрлі тығыз қарым-қатынасқа нұқсан келтіреді, үшіншіден, олар Ресей федерациясының билігі тарапынан оған тиісті реакция білдіруге лайық", – деді Василенко. Кейін бұл туралы Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов та пікір білдірді. "Мен таңертеңнен бері мәжіліс отырысында болдым, бұл видеоны көріп үлгермедім. Егер ол жерде Қазақстанның мүддесі қозғалса, әрине, депутаттар реакция білдіреді, тиісінше Сыртқы істер министрлігі жауап береді деп ойлаймын. Бұған күмән болмауы керек", - деді ол.