Еуроодақ Ресейге қатысты 9-санкциялар пакетін ұсынды

Әке жолын қуып, әскери адам болғым келді. Бірақ әкем қарсы болды. Кейін халыққа қызмет ететін қоғаммен байланыс маманы болдым. Еш өкінбеймін. Бала күнімнен коммуникациялық қабілетім жоғары болғандықтан, өмірде жақсы маман болуыма көп септігін тигізді. Жалпы тұлға болуым және өмірде өз жолымды табуым – ата-анамның арқасы. Мұндай пікірді Тараздың тумасы, қоғаммен байланыс саласының маманы Тимур Айтжанов тілшімізге сұхбатында бөлісті.
Бала Тимур қандай еді?
Бала Тимур елгезек, ашық, көңілді болды. Жан-жақты, жасқаншақ емес, өмірге ғашық, өзіне сенімді бала еді. Абай атындағы №26 мектептің түлегімін. Сондай-ақ, мектеп кезінде белсенді оқушы болдым. Сабағымды үздік оқыдым. Мектеп «президенті» болдым. Қоғамдық шараларға белсене қатысып, бәрін ұйымдастыратын жан-жақты оқушы едім. Абай оқуларына қатысып, 1-орын алдым. Облыстағы жарыстарға да қатысып, жүлделі орындар иелендім. Сондай-ақ, оқушы кезімде еркін күреспен айналыстым. 18 жасыма дейін көп жетістікке жеттім. Спорт шеберімін. Көп жылдары облыста судья болдым, тренердің көмекшісі де болдым. Кейін қоян-қолтық күреске ауыстым.
Әкем ішкі істер басқармасында еңбек етіп, офицер болған. Әкемнің жолын қуамын, осы салаға барамын деп жүргенде әкем қарсы болды. Бірнеше рет құрылымдық күшке баратын мүмкіндігім болды. Бірақ әкем қолдамады. «Сен азаматтық саланың адамысың» деп көндірді. Сөйтіп басқа мамандық таңдадым. Алматыдағы Тынышбаев атындағы Транспорт және коммуникация академиясына энергетик мамандығына түсіп, бакалаврды аяқтадым. Одан бөлек Тараз мемлекеттік университетінде заңгер мамандығын тәмамдадым.
Академияда да белсенді студент болған шығарсыз?
Иә, әрине, академияда да белсенді болдым. Жастар ісі жөніндегі комитеттің мүшесі болып, студент кезімде де қоғамдық шараларды атқардым. Бұл маған үлкен тәжірибе болды. Өмір жолымда да, қызмет бабында да осы тәжірибе маған көмектесті.
Дегенмен энергетик емес, заңгер емес, қоғаммен байланысатын, азаматтар мен билік арасындағы көпірге жауапты болдыңыз. Бұл жолға қалай келдіңіз?
Сол академияны 2009 жылы аяқтаған соң екі ұсыныс болды. Қазақтелекомда және Тараз қаласының әкіміне көмекші болуға әңгімелесуге бардым. Өзім ұйымдастыру жағынан белсенді және шығармашыл адам болғандықтан, маған әкімшіліктегі жұмыс жақындау болды және соған келістім. Тараз қаласы әкімінің блогы болатын. Сол блогқа тұрғындардан сұрақтар, шағымдар түседі. Сол жұмысты реттеп, халыққа уақытылы жауап беріп, мұң-мұқтажын біліп, жауапты тұлғалардың шешуіне ықпал еттім. Яғни, баспасөз қызметіне орналастым. Иә, өзіңіз айтқандай, халық пен әкімдіктің арасындағы көпірге жауапты болдым.
Ата-анаңыз бұл таңдауыңызға қалай қарады?
Ішкі істер министрлігінде жұмыс істегім келді деп едім ғой. Ол жақта тергеушілер және шұғыл қызметкерлер бар. Осы екінші қызметтегілер жан-жаққа барады, көреді, араласады, қандайда бір оқиға болса, соның басында жүреді. Мен де өзімді тергеуші емес, шұғыл қызметкер ретінде көретінмін. Коммуникация жақсы көремін. Әкім облыстағы түрлі шараға қатысады, сөз сөйлейді, халықпен кездеседі. Соның бас-қасында жүрдім. Мектептен қалған тәжірибем кейін жұмысымда кәдеге жарады. Осылайша әкімдіктің баспасөз қызметіндегі жұмыс жаныма жақын болды және жұмысымды жақсы көріп атқардым. Ата-анама да бұл қызмет ұнады және маған қолдау көрсетті.
Ата-анаңыз туралы көп айттыңыз. Сіздің өміріңіздегі орны ерекше екені түсінікті. Ата-анаңыз туралы айтып берсеңіз...
Әкем – өте сабырлы, жуас адам болатын. Ішкі істер органдарында жұмыс істегенмен, өте қарапайым, жұмсақ мінезді болатын. Жұмысындағы мінезін үйде көрсетпейтін. Осыдан 4 жыл бұрын әкемнен айырылдым. Ал, анам орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Сонымен қатар, әкеме қарағанда, керісінше, пысық, елгезек, ашық мінезді. Менің мінезім анама тартқан. Екеуі бізге жақсы тәрбие берді. Ешкімнен кем қылмай өсірді. Білім алуымыз, өмірде өз орнымызды табуымыз – бәрі солардың арқасы.
Автор: Әлия Жақып,
Руслан Амантай