Таеквондодан паралимпиада чемпионын шығаруды армандаймын – жаттықтырушы Алмас Маделим

--- 11:09, 14.04.2025 20

Әлемдік спорт додаларында майталмандардың жеңісі мен жеңілісін көреміз. Біз үшін дәл сол сәтте ғана рингке немесе татамиге шығып, күресе салғандай болып көрінеді. Алайда шын мәнінде спортшы мен оның бапкерінің сол татамиге шығу үшін талай жылдан бері үздіксіз еңбек етіп жатқанына мән бермейміз. Жеңілсе тағы жеңілде деп кейде ренжіп те жатамыз. Расында ол оңай еңбек емес. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірдің талай қиындығына мойымай, күнделікті жаттығу мен темірдей тәртіптің арқасындағы жеңісіне куә болу – бақыт. Бүгін Қазақстанда параспортшыларды таеквондадан түрлі жарыстар мен жиындарға дайындаған жаттықтырушы Алмас Маделим туралы айтамыз.

Маделим Алмас Алпысбайұлы 1993 жылы 18 маусымда Жамбыл облысы Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы атындағы ауылда дүниеге келген. 

Сол өңірде Бексейіт Түлкиев атындағы таеквондо үйірмесі бар. Осы үйірмеге 2003 жылы қыркүйектен – өзім 3-сыныпқа өткен уақытымнан қатыстым. Сол сәттен таеквондадағы карьерам басталды. Алайда 2016 жылы Қазақстан чемпионатына дайындалып жатқан кезде жаттығу залында сол аяғымды сындырып алдым. Соның салдарынан спорттағы карьерам аяқталды деуге болады, – деп бастады әңгімесін жаттықтырушы.

Алмастың алдында ересектер арасында әлем чемпионы болу, олимпиада чемпионы болу деген асқақ армандары болған. Тек... 

Бәрін сол күні жоғалттым. Жалындап жанып тұрған жігіт үшін ауыр соққы болды. Екі ай аурухананың табалдырығын тоздырдым. Дәрігерлер күрделі ота жасап, жарысқа оралуға болатынын айтты. Бірақ оған кем дегенде екі жыл керегін айтты. Оның үстіне мұның бәрі көп қаржыны талап етті және ешкім 100 пайыз сауығып кетесің деген кепілдік берген жоқ. Кепілдік болмағаннан кейін отаға келіспедім. Бәрі біз ойлағандай бола бермейді екен, – деп күрсінді жаттықтырушы.

Бірақ Алмас бұл қиындыққа мойымай, демек өмірдегі миссиям басқа болып тұр деген оймен балаларды жаттықтыруға кіріскен. Себебі өзін таеквондасыз елестете алмаған.


Әрі жүріп, бері жүріп таеквондоның айналасынан кеткім келмеді. Сөйтіп қиындыққа мойымай, өзім жетпеген жетістікке шәкірттерім жетеді деген мақсатпен 2017 жылы жаттықтырушы қызметімді бастадым. Қазір оңай айтып отырмын ғой. Бірақ сол кезде өмір тоқтап қалғандай күйде болдым. Қанша жылдық еңбегім, жаттығуларым, бапкерімнің еңбегі – бәрін қимадым. Дегенмен еш өкінбеймін. Өзім Олимпиада чемпионы болмасам да, шәкірттерім Паралимпиада чемпионы болады, – деп бөлісті үмітін Алмас Маделим.

Өзінің ауылында бокс, күрес және таеквондо үйірмесі ғана болған. Бірақ алғашқы екеуі үйіне алыс болған соң, жақын жердегі таеквондоға барған.

Ауылда ол кездері спорт секциялары көп болған жоқ. Тек осы таеквонда, бокс және күрес болатын. Күрес пен бокс үйімнен қатты алыс болды. Сосын Брюс Лидің киносын көріп өскен бала болған соң осы таеквондоны таңдадым. Үйіме де жақын болды. Бірден қызықтым. Әппақ кимоно киіп, түрлі қимылдарымен баурады, – деп бөлісті естелігін жаттықтырушы.

Алмас жастар дәрежесінде облыстың бірнеше дүркін чемпионы, екі рет Қазақстан чемпионы болған. Ересектерге енді өтіп, келесі кезең сол Азия, әлем чемпионаттары еді. Тек тізесі сынған соң бұл армандарын іске асыра алмаған. 

Сөйтіп жүріп Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін дене шынықтыру және спорт мамандығын 2018 жылы бітіріп, аудандық спорт мектебіне жұмысқа кіреді. Ал, төрт жылдан кейін, яғни 2022 жылы Ұлттық құрамаға аға жаттықтырушы ретінде шақырту алады. Айта кетейік, Ұлттық құрамаға жаттықтырушы болып кіру оңай емес. 

Ол үшін шәкірттеріңнің жетістіктері, ойын-жаттығу жұмыстарын өткізу, командамен жұмыс істеу білу керек. Бұл лауазымға үш жаттықтырушы болып конкурсқа түстік. Конкурста Қазақстан бойынша қазылар дауыс беріп, мен өтіп кеттім. Сөйтіп 2022 жылы қаңтардан бастап Ұлттық паралимпиада комитетіне жаттықтырушы болып шақырту алдым. Осылайша, мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс бастадым, – деп қосты жаттықтырушы алғаш рет паралимпиадашылармен танысқан сәтін бөлісіп.


Паралимпадашылар жұмыс істеу керемет әсер береді. Бұрын мұншалықты көп мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеп көрмегенмін. Маған үлкен тәжірибе болды. Олардың өмірге деген құштарлығы, талпынысы, әр жаттығуда барын салып дайындалуы – бәрі маған үлкен үлгі. Олар –  мүмкіндіктің шексіз екенін дәлелдеп жүрген жандар. Қайтпас қайсар жандар. Атмосферасының өзі бөлек. Мысалы, екі қолы иығынан жоқ бір спортшы бар. Оған тамақ жеуінің өзі оңай емес. Соған қарамастан жаттығып, әлем чемпионы болып отыр. Мұндай үлгілі тұлғаға тамсанбау мүмкін емес. Өмірде неше түрлі сынақтан өтсе де, еш сынбаған батырлар. Оларды Азия чемпионаты, Әлем чемпионаты, гран-при секілді түрлі жарыстарға дайындап шығардық, – деді ол.

Дегенмен маман спортпен білімді қатар алу жүру керек дегенді айтып қалды. 

 

Алматы қаласында Дарынды балаларға арналған спорт мектебінде 9-11 сыныптарда оқыдым. Есбол Сұлтанов деген жаттықтырушым болды. Сол мектеп кезінде ата-анам сабаққа мән бермесең де, спорттан мықты бол дейтін. Спорттан нәтижем көп болған соң олар оқуды талап етпеді. Мұғалімдер де «еркелетіп» жіберді. Мектепке де спорттан түрлі кубок, медаль әкелгенге ешкім сабақ оқы деп «қинамады». Бірақ спортпен бірге сабақты қатар алып жүру керек екен. Себебі білім – мәңгілік азық. Мысалы, менің тізем сынғаннан спортшы ретінде карьерам тоқтады. Не әрі емес, не бері емес болып, екі ортада қалып қойдым. Сол себепті сабақты үзбеу керек, – деп кеңес берді ол.


Бүгінде Алмас Маделим тізесі сынып, спорттағы мансабын аяқтағанына өкінбейді. Себебі ол соның арқасында мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Олардың ерік-жігері Алмастың жарақатын жазды деуге болады. Енді оның арманы өзіне қатысты емес, паралимпиадашыларға қатысты... 

Ендігі арманым – Қазақстанда паралимпиада чемпионын шығару. Өсіп келе жатқан балалардың сондай чемпиондарға қарап, өскенде «таеквондадан» әлем чемпионы боламын деген құлшынысын көргім келеді. Мәселен, Елдос Сметов Олимпиада чемпионы болып келегенде көп бала күреске бара бастады. Яғни, мұндай чемпиондар балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырады және құлшынысын күшейтеді. Мен де сондай болғанын қалаймын, – деп түйіндеді Алмас Маделим.

Q - на русском

«
Қыркүйек 2025
»
  • Дс
  • Сс
  • Ср
  • Бс
  • Жм
  • Сб
  • Жс
  • 1
  • 2
  • 3
  • 4
  • 5
  • 6
  • 7
  • 8
  • 9
  • 10
  • 11
  • 12
  • 13
  • 14
  • 15
  • 16
  • 17
  • 18
  • 19
  • 20
  • 21
  • 22
  • 23
  • 24
  • 25
  • 26
  • 27
  • 28
  • 29
  • 30
  •