Шоқан Уәлихановтай кемеңгердің кейінгі ұрпаққа қалдырған мұрасының ішінен алмастай жарқырап «Абылай туралы жыр» көзге түседі. Бұл жырды Шоқан 1855 жылы ел аузынан өз қолымен алғашқы болып хатқа түсірген. Араб жазуымен жазылған жырдың түпнұсқасы Мәскеуде сақталып, оны академик Әлкей Марғұлан 1984 жылы Ш.Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағына араб жазуымен кіргізіп, соңына Ж.Қармышева екеуі жасаған орысша аудармасын қоса берді.
Бір өкініштісі, «Осы жыр қазіргі қазақ жазуында тұңғыш рет 1993 жылы жарияланды, 1995 жылы екінші рет жарыққа шықты. Бұл екі басылым Әлкей Марғұлан жариялаған араб жазуымен берілген нұсқадан аударылып, салыстырылды, бірнеше қателер түзетілді» дегенмен 2010 жылы шыққан «Бабалар сөзі» сериясының 57-томындағы нұсқада да қателіктер жеткілікті. Бірақ Мәскеуде сақтаулы түпнұсқаның көшірмесінің қолда болмауы мәтін бойынша кесіп сөйлеуге мүмкіндік бермей отыр.
Сонымен жыр не туралы? Жыр қазақ-қырғыз қатынастарының бір кезеңі – 1765-1774 жылдардағы жағдайы, атап айтқанда, Абылай ханның қырғызға қарсы 1770 жылғы жорығы жөнінде сыр шертеді. Жырда баяндалатын оқиға қазіргі Тараз қаласының солтүстігі, Жамбыл облысының Меркі, Шу аудандары мен Қырғызстанның Қарабалта, Соқылық аудандарының жерінде болған.
Жырдағы басты кейіпкерлерге жеке тоқталайықшы. Негізгі кейіпкер Абылай хан (1711–23.5.1781) – қазақтың ұлы ханы. Ел тұтастығы үшін аянбай күрес жүргізіп, сыртқы жауларға қарсы табанды түрде тойтарыс беріп отырған ол – қырғызға қарсы 1765, 1770, 1774, 1779 жылдары жеңімпаз жойқын жорықтар жасаған қолбасшы.
Жалаңаш қажы – Жалаңаяқ Әздер әулие – Абылай ханның серігі, оның өмір бойы сыйынып өткен қолдаушы пірі. Абылай шешуші сәттерде әулиенің батасына, қолдауына сүйенген. Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Айтыс» деген поэмасындағы «Батыр мен хан қауіпті дұшпандарын, «Жалаңаш баба» бата берсе жеңген» деген жолдар – осы пір туралы.
Жырда Балта Керей Тұрсынбай, Бәсентиін Барлыбай батырлар да аталады. Шешуші сәтте Тұрсынбай батыр ханды шабуылға шығуға үндейді:
Шабындының ішінде
Қос айдарлы ұл кетті,
Қос тұлымды қыз кетті.
Кел шабалық, – дейді хан…
Садыр – саяқ руының басшысы, Қазақ ханы Абылайға қарсыласуды ұйымдастырушылардың бiрi. Абылай ханның қолынан Садыр баласымен қоса қаза табады. Есенқұл – сарыбағыш руының басшысы, саяқ Садыр қазақтың қолынан қаза тапқан соң солтүстік қырғыздың ең беделді ел басқарушысы болған. Әтеке-Жырық – қырғыз батыры, сарыбағыш руынан. Абылай хан әскерін тар шатқалда ор қазып, ордан соң ірі қара малды байлап, өздері мінген аттарын қалқан етіп, мылтықпен қарсы алады. Хан сарбаздары ағаш кесіп, соны қалқан етіп шабуылға шығады. Қырғыз оғын дарытпай орға жетіп, қолдарындағы ағаш қалқандарды орға тастап өтіп, қалың малдың жібін қиып, қырғызға қарай айдайды. Қырғыз өздеріне ыққан малды қайтара алмай қалады. Мал соңынан жеткен қазақ сарбаздары қылышпен, пышақпен қоян-қолтық ұрыс салып жеңіп шығады. Әтеке-Жырық осы шайқаста қаза табады да, басшыларынан айрылғанын көрген қырғыз жасағы шепті тастап қашады.
Жырда тағы бір кейіпкер бар, ол – он бес жасар жас бала Жауғаш, бірақ ол туралы 1984 жылы Ш.Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағы да, «Бабалар сөзі» сериясының 57-томы да ешқандай мәлімет бермейді.
…Он бес жасар жас бала,
Жауғаш сонда бір жылайды:
«Сен Садырға қылмасам,
Көтіңнен сүргі салмасам.
Арқадағы Абылай ханыма бармасам,
Сөйтіп, бір кегім алмасам!..»
Жауғаш Қырбасұлы (1733-1782) – Ұлы жүздегі Дулаттың ботпай атасына жататын қоралас руынан шыққан Абылай ханның әлпештеген батырларының бірі. Жоғарыда айтылған Жалаңаш баба төңірегіндегі аңыз-әңгімелерде кездесетін «Қоралас ұлы Ер Жауғаштың» осы батыр екенін кезінде профессор Темірбек Қожакеев «Қазақ әдебиеті» газетінде (17.04.1992) анықтап жазған болатын.
Жауғаштың әкесі Қырбас Аңырақай шайқасында ботпай қолын басқарған Сәмен батырдың әскерінде мыңбасы болған. Сәмен батыр – Абылай ханның ақылгөйі Бұқар жыраудың:
– Сәменім, ерім, ботпайым,
Екі көзі оттайым,
Тілі өткір тесіп өтер оқтайым.
Ботбайдың қолы тұрғанда,
Көп қалмақтан қорықпаймын… –
деген жырында сөз болған тұлға.
Сонымен Жауғаш 15 жасында атқа қонып, қасындағы сенімді серіктерімен ел еркіндігі жолында Арқаға барып, Абылай хан сарбаздарының қатарына қосылған. Жауғаш Абылай ханның бірнеше тапсырмасын табысты орындап, оның сенімді нөкерлерінің біріне айналады. 1756 жылы қытайлармен болған шайқаста жараланған Абылай ханды ұрыс алаңынан алып шығады.
Жауғаш сенімді серіктерімен хан жасағына қосылғанымен оның ойы «Ақтабан шұбырынды» апатынан кейін қазақ қалмақты қуып шыққан соң Шу, Талас өзендерінің бойында қалыптасқан жаңа жағдай мен қауіп-қатерге лайықты жауап беру еді. Себебі қазақ қалмақпен жағаласып жатқанда, сенімсіз көршінің етектен жармасқан әрекеттері шектен асқан болатын. Оны біз жырдағы мыншумақтан көреміз:
– Анау бір Садыр аттанды,
Аттанды да баптанды.
Қазақ бір ойға түскенде,
Тыныш ұйықтап жатпады…
«Төрт кісіні басшы алып, бес кісіні қосшы алып», Арқадағы хан ордасына келген Жауғаш батырға Абылай қырғыз хабарын тыңдап болып, былай деп жауап береді:
– Ай, Жауғашым, Жауғашым,
Сен бара тұр, бара тұр!
Сүмбіле тусын жылтиып,
Ат семірсін құнтиып.
Мен Садырға қылайын,
Баяғыдай болайын.
Пана бергей Құдайым…
Хан айтқан кезінде Алатаудың бөктеріне әскерімен келіп, екі бағытта шабуыл жасауға дайындалады. Бұл оқиға қазақ деректері бойынша 1770 жылға тура келеді. Меркідегі Қарақыстаққа, Шоңтоғанға туын тігіп, шайқас алдында хан: «Асылы, түсініп мәмілеге келген, келіскен жақсы», – деп Жауғаш батырды қырғыздарға елші етіп тағы жібереді.
Садыр алдына келген елшіге: «Жауғаш, сен ертең шаңтүсте үстіңдегі ақ сауытты қан қылмай шешерсің», – дейді.
Оған қазақ батыры мына жолдарды айтып, қайтып кетеді:
– Қырғыздың ханы Садырсың,
Сәті келсе аларсың.
Егер сәті келмесе,
Ертең дәл шаңтүсте
«Абылайлаған» ақ найза
Астында қан боп қаларсың!..
Абылай хан келесі күні өткен шайқас соңында қолға түскен Садырды дарға асып, жан сауға сұрап, араша түскендерге қарамастан, оның баласы Досқұлыны бауыздап, қоса өлтіртеді.
Абылай ханның екінші қосыны Меркінің батысындағы Қорағаты өзенінің Түйіскен деген жерінде қырғыздың солто руының жасағын талқандайды. Қырғыз жағы үлкен қырғынға ұшырап, қашқан жауды Абылай ханның қолы Сарыбелге дейін қуып, қырып салады. Қалған қырғыз Түйеасу арқылы Тұныққа дейін қашады. Сарықамыс пен Тұнық арасындағы Сыйқымбай сазында соғыс қайта жалғасады.
«Алдалай» Абылай шанышқан күн,
«Қоқилап» қырғыз қашқан күн.
Қазақты дәулет басқан күн,
Қырғыздан аруақ қашқан күн.
Арғымағын оздырды,
Баяу жатқан қырғызды,
Сарыбелде тоздырды.
Шапты-дағы қайтты Абылай…
Қырғыздар шежірені санжыра дейді. Осы санжыра бойынша, Абылай хан Жайылды жекпе-жекке шығып өлтірді деп көрсетеді. Бірақ хан манаппен жекпе-жекке шықпас деп ойлаймын. Жайыл – қазақ-қырғыз шабыстарына (1764–1780 жылдар) белсенді қатысқан әккі жауынгер. Осы шайқаста Абылай хан қолға түскен Жайылды Үсен, Теке деген екі баласымен қоса өлтіреді. Жайылдың күйеу баласы Әтеке-Жырық шайқаста қаза табады. Қоралас Жауғаш батыр өлімге кесілген Жайыл манаптың Момоқон деген інісін кепілге, ал 13 жастағы Итеке деген баласын араша түсіп, «жан сауға» деп аман алып қалады.
Қазақ ханы қырғыздан салығын, «ақ үйлі» аманат және 1000 түтін қырғызды алып, Арқаға қайтқан. Оның үстіне жорыққа қатысқан әр батыр әр қос басына бір үйлі қырғыз алған.
Абылай хан жалпы алғанда қырғызға қарсы 1765, 1770, 1774 және 1779 жылдары жеңімпаз жойқын жорықтар жасаған (қырғыз ақпарат көздері 1765, 1769, 1773, 1779 жылдары төрт жорық болған дейді). Абылай ханның соңғы жорығында, қырғыз шежіресі бойынша, оның 8 мың жарақты әскері және әр жерден жиылған екі мың аламаны болған.
Қазақ-қырғыз соғыстары туралы Ш.Уәлиханов өз еңбегінде: «Қырғыздар Абылайдан талай жеңіліске ұшыраған, бірақ Абылайдың 1770 жылғы шабуылы Алатау қырғыздарының әсіресе ұмтылмастай боп есінде қалған. Қырғыздар осы кезге дейін жырлайды және «Жайыл қырғыны» деп аталып кеткен бұл соғысты халық әлі де ұмытқан жоқ», – деп жазды.
Жыр Жайылдың қызы Бикемжанның шайқаста қаза болған күйеуі Әтеке-Жырықты жоқтауымен аяқталады.
Енді осы заманға оралсақ, Жамбыл облысының тау баурайында орналасқан Меркі ауданында Қоралас Жауғаш батырдың ұрпағы сол заманнан жеткен керемет жәдігерлерді сақтап отыр.
2022 жылғы 3 қыркүйек күні Меркіде Заутбек Сансызбайұлының шаңырағында болып, батыр ұрпағының ыстық ықыласына бөлендік, жауапкершілігі үлкен сый-құрмет көрдік. Абылай ханның батырға тапсырған байрақтың лаухасы (айшығы, ұшы), сауытының бөлшектері мен батыр талай жауды шаншыған сүңгісінің жебесін қолға алып тебірендік. Үй иесі Заутбекұлы Тоқтар көпшілікке сирек ашылатын, батыр мұрасы сақталған сандықты ашу құрметіне байланысты 150 адам қатысқан ас берді. Жиынды осы әулеттің үлкені Өсімжан Омаров жүргізді. Құран оқылып, батыр мұрасының шырақшысы, осы үйдің үлкені Советкүл апа батыр қаруы оралған шүберектен тәбәрік деп қиып берді.
Батыр ұрпағының үлкендері – Үмітхан Құнанбаев, Аман Құрманәлиев, Өсер Құрманәлиевпен танысып, Жауғаш батыр бабамыз туралы байсалды әңгімені бастап қайттым. Жалпы алғанда, біздің заманымызға жеткен батыр мұрасы ауыз толтырып айтарлықтай секілді. Меркі ауданына қарасты «Қазақстан» елдімекенінің тұрғыны Еренбай Рысбайұлы 1993 жылы Жауғаш батырдың қалмақ әйелінің отауының босағасы мен маңдайшасын Әзірет Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығына сыйға тартқан екен. Маңдайшаның өрнектері өзгеше, зерттеуді талап ететін дүние. Сонымен қатар қырғыз жеріндегі ұрпағы батырдың ер-тұрманы мен бір кітап сақтап отыр.
Батыр ұрпағының қара қазандай өкпесі де бар екен. Жауғаш батырдың Түркістанда Әзірет Сұлтан кесенесінде жерленгені белгілі. Кезінде кесененің іргетасын күшейтуге байланысты ішіндегі адам сүйектері қазылып алынып, сыртында қойылып, қоршалған көрінеді. 2010 жылы сол қоршау алынып тасталып, соңғы белгісі жойылған. Кесене басшылығы батыр ұрпағының сұрауына, бұрынғы жауаптыларға сілтеп, мардымды жауап бере алмаған.
Абылай ханның Жауғаш батырға тапсырған байрағы, жалпы мұрасы 1916 жылғы Меркі-Шу көтерілісі, кәмпеске, ұжымдастыру, репрессия кезіндегі қауіп-қатерге қарамастан батыр ұрпағының жанкештілігінің арқасында осы күнге жетуі – ата аманатына деген асқан құрметтің белгісі.
Батыр қырғыз шежіресінде Королош Жоогач баатыр деп аталады. Жайыл манаптың Жауғаш батыр араша түсіп, аман алып қалған баяғы Итеке деген баласынан тараған ұрпақ бұ күнде, қырғыз деректері бойынша, үш ауыл елдің негізін құрап отыр екен. Сол ұрпақтың өкілдері екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты сақтағаны үшін Қарабалта көшелерінің бірін «Қазақ халқының батыры Жауғаш батыр атындағы көше» деп атаған.
«Абылай туралы жыр» Абылай ханның елінің оңтүстік іргесін қымтап ұстау үшін жүргізген саясатын және сол саясаттың жалғасы – қарулы күштерді қолдануын көркем тілмен баяндайды. Жырда Абылай ханның сенімді серігі Жауғаш батырдың елі үшін тәуекелге толы өмірінің бір қыры, оның қазақ-қырғыз қатынастарын реттеудегі орны мен әрекеттері поэтикалық түрде сөз болған. Жыр тарихи оқиғаға негізделіп жазылған, нақты деректер арқылы қақтығыстың басталуын, шиеленісуін, шегіне жетуін, қатысушылардың психологиялық портретін көз алдымызға айқын әкеледі. Жырдағы он бес жасар жас баланың бейнесі бедерлене келіп, қазақтың даңқты батыры Қоралас Жауғаш батырға айналады. Жауғаш батыр – қысқа ғұмырында (49 жыл) ұлттық мүддені қорғаушы дәрежесіне көтерілген біртуар тұлға, жүрек жұтқан батыр, шебер қолбасшы, мәмілегер дипломат.
Қайрат СӘКИ,
шығыстанушы,
ҚР Дипломатия қызметінің еңбек сіңірген қайраткері
Дереккөз: Qazaqadebieti.kz