Тарихи суретте Махмұт МҰХИДИдің 1939 жылы Біртұтас Шығыс Түркістан мұсылман халықтары атынан аса маңызды баяндама жасап тұрған кезі бейнеленген, деп хабарлады "SN" апараттық порталы.
Белгілі тарихшы Елдес Орда Жапония мұрағатынан Алаш тарихына қатысты тың сурет табылғанын хабарлады. Тарихшының айтуынша, генерал Махмұт Мұхидидің Токиода өткен кезекті бір құрылтайлардың біріне қатысып, арнайы баяндама жасаған.
«Тарихи сурет
Орны: Жапония, Токио қ-сы
Уақыты: 1939.ж
Түсініктеме:
Бірінші суретте, солда Шығыс Түркістан уақытша респубиликасы және Шығыс Түркістан мұсылмандары атынан келген геренал Махмұт (Мақмұт) МҰХИДИ және оң жақта Жапонияның Сыртқы Істер Министрі Номура мырза.
Екінші сурет, Шығыс Түркістан уақытша респубиликасы және Шығыс Түркістан мұсылмандары атынан баяндама жасап тұрған генерал Махмұт МҰХИДИ (тік түрегеліп қолына қағаз ұстап тұр) және Токиода өткен кезекті бір құрылтай жиналысы.
Махмұт МҰХИДИ 1937 жылдан соң Үндістан арқылы Жапонияға жетті. Оның Жапониядағы саяси іс-қимылы тың деректерге толып тұр. Шәріпқан КӨГЕДАЕВ, Баймолда ҚАРЕКЕҰЛЫ, Әбеу ҚҰДДЫШҰЛЫ, Райымжан МӘРСЕКОВ, Елісқан ӘЛІПҰЛЫ қатарлы қазақ зиялыларының М.МҰХИДИ әулетімен байланыстары тығыз еді. Алаш қайраткері Р.МӘРСЕКОВ Жапонияның Владивостоктағы бас консулдығы арқылы тапсырған ұсыныс хаттарынан соң Шығыс Түркістандағы ұйғыр, қазақ және торғауыт ұлт зиялылары Жапониямен саяси қарым-қатынас жасаудың жаңа кезеңін бастады.
Екінші сурет
1937 жылы Шығыс Түркістанда саяси репрессияның ұшқыны бастала салысымен өлкелік үкіметтің төраға орынбасары Қожанияз қажы және Баймолда ҚАРЕКЕҰЛЫ тұтқындалды, артынша ұйғыр-қазақ ұлт зиялылары астыртын ақылдаса келіп араларындағы Махмұт МҰХИДИ-ді шетелге кетуге және алпауыт саяси күштермен байланыс орнатуға жібереді.
Тарихи сурет Махмұт МҰХИДИдің 1939 жылы Біртұтас Шығыс Түркістан мұсылман халықтары атынан аса маңызды баяндама жасап тұрған кезі-ді. Дәл сол тұста Шыңжаң өлкелік үкіметтің барлау агенттері М.МҰХИДИ-дің Жапонияда жасаған баяндамасынан соң «Жапон шпионы» деген арнайы дело тұрғызды. Сонымен бірге осы дело негізінде 1939 жылдан бастап Шығыс Түркістанда жаппай саяси қуғын-сүргін науқанын бастады.
«Жапон тыңшысы, шпионы» деген желеу совет одағында да қатты жүргізілді.
Ескерту: суреттер ағл, жапон архивтік құжат дереккөздерінен алынды», деп жазған тарихшы өзінің facebook парақшасында.